«Ұйымның байырғы гастрольдік сапарларын жаңғыртатын жаңа жобалары бар. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес, «Қазақконцерт» ұжымы 2022-2025 жылдарға арналған жоспарын бекітіп, ел аумағындағы барлық моноқалалардың тұрғындары үшін қолжетімді сапалы мәдени өнімдерді ұсынуға кірісті. Бұл жоспар аясында ұйымның танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары жақында ғана Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстарында болып, енді жақын күндерде Түркістан, Жамбыл облыстарының моноқалаларына сапарлап, концерттер беретін болады»,- деп атап өтті спикер.


Бұдан бөлек, «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасын жүзеге асырып, Президент Жолдауында жарияланған Абай, Ұлытау, Жетісу секілді жаңа облыстардың орталықтары мен моноқалаларына, шалғай жатқан аудандарына концерттік бағдарламалар ұсыну қолға алынған.


Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, аталған жобалардың негізгі мақсаты – өңір тұрғындарына мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өңірлердегі ұжымдар мен әртістерді қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отандық өнердің көкжиегін кеңейту.