Медициналық сақтандыру жүйесі медициналық көмекке мемлекеттік және жеке шығындардың жеткіліксіздігіне байланысты денсаулық сақтау саласының қаржылық тәуекелдерін жою үшін енгізілген. МӘМС жүйесін енгізу арқылы медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемін арттыру; халықтың қалта шығындарын азайту; 
халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету; медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру; медициналық ұйымдар арасында бәсекелестікті арттыру; амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесін кеңейту көзделген. 

«Қазір медициналық сақтандыру жүйесі негізгі процестерді құру кезеңінен өтуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген 2,5 жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. МӘМС жүйесін енгізгелі жетілдіруге ақша жетпеген медициналық көмек түрлері қосымша қаржыландырылды. Мысалы, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемі 3 есеге өссе, медициналық оңалту және кеңестік-диагностикалық көмек 11 есеге артты. Жүйе енгізілгелі медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың саны артты. Айта кетерлігі, тегін медициналық көмек және Медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге Қормен шарт жасасқан мекемелердің басым бөлігі (52%) жекеменшік клиникалар. Медициналық ұйымдар арасында пациент үшін бәсекелестік туындайды да, медициналық көмек көрсету кезінде олардың сапасы мен сервисін арттыруға ынталандырады», - деді спикер. 


Ол ұзақ уақыттан бері алғаш рет медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын жоспарлы түрде арттыру жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Нәтижесінде, дәрігерлердің орташа жалақысы 189 мың теңгеден 415 мыңға дейін, ал орта медициналық персоналдың жалақысы 120 мыңнан 230 мың теңгеге дейін өсті.