«Биыл ИСЕСКО өзінің 40 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде ұйым көптеген жобаларды жүзеге асырды, өзара іс-қимыл мен мәдени алмасудың тиімді құралына айналды. ИСЕСКО-ға кірген уақыттан бері Қазақстан осы ұйымның қамқорлығымен өткізілетін барлық іс-шараларға қатысып келе жатқаны қуантады. Бұл кездесу біздің ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңі болатынына сенімдімін. Біз жаңа жобалар мен бастамаларды ұсынуға дайынбыз», - деді Дәурен Абаев.

Өз кезегінде Салим бин Мохаммед Альмалик әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтіп, Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігімен ынтымақтастыққа дайын екендігін, тарихи-мәдени мұра саласындағы мамандар үшін семинарлар мен курстар, әртүрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдар өткізу жалғасын табатынын айтты.

Сондай-ақ, Салим бин Мохаммед Альмалик Қазақстанның тарихи-мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Біздің анықтама:

ИСЕСКО 1982 жылы 3 мамырда Ислам Конференциясы Ұйымының (Қазіргі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы/ИЫҰ) мамандандырылған мекемесі ретінде құрылған. ИСЕСКО миссиясы-ИЫҰ-ға мүше елдермен адами ресурстарды дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу, бірлескен мәдени бағдарламаларды іске асыру, дінаралық диалог орнату жөніндегі қызметті кеңейту саласындағы ынтымақтастық. 1984 жылдан бастап ИСЕСКО ЮНЕСКО-мен белсенді жұмыс істейді.