Фестивальдің ашылу салтанатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, қазылар алқасының төрағасы, қазақ театры мен киносының абызы Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген театр және кино әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, арнайы шақырылған қонақ Дүйсен Қасейінов құттықтау сөз сөйледі.

Өнер фестивлінде танымал кино және театр әртісі Меруерт Өтекешова, театр сыншылары Еркін Жуасбек, Бейбіт Бахтыгереев, Меруерт Жақсылықова, Иран республикасының театр қайраткері Атабек Надери, Халықаралық және Грузия театр сыншылары одағының вице-президенті Лаша Чхартишвили қазылық етеді.

Сонымен қатар фестивальге ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Ақұштап Бақтыгереева, Лидия Каденова, Самал Еслямова, Асхат Маемиров және еңбек ардагері Ғабдырахым Жаңбырбаев, Асанәлі Әшімовтың жары Бағдат Әшімова, танымал түрік әртісі Мелахат Аббасова құрметті қонақ ретінде қатысты.

Өңір басшысы Әбіш Кекілбаевтың рухани мұрасы мен көркем туындылары әрқашанда оқырман жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

-Баршаңызды ІІ Халықаралық «Abish alemi» театр фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Халықаралық «Abish alemi» атты театр фестивалін – халқымен бірге мәңгі жасайтын, мәңгілік рухани мұра қалдырған Абызымыз – Әбіш Кекілбаевтың рухына тағзым ретінде қабылдаймыз! Аңызға айналған абыз - тек қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ортақ мақтанышы. Әбіш ағамыздың рухын қастерлеп, алыс-жақыннан арнайы келіп, осы өнер мерекесіне атсалысып жатқан - Башқұртстан, Грузия, Қырғыз елдерінің өкілдеріне, сонымен қатар еліміздің өңірлерінен келген қонақтарымызға алғыс айтамыз. Бүгінгі ІІ Халықаралық «Abish alemi» театр фестивалі – сахна төрінен мыңдаған көрерменді ұлы жазушының талай көркем туындыларымен таныстырады. Халқымыздың біртуар перзенті – Әбекеңнің елге сіңірген ерлікке тән ерен еңбегін, рухани мұрасын мәңгілік есімізде сақтап, болашақта да ұрпақтарымызға дарытып, өмірлік өнеге тұтамыз. Халықаралық деңгейдегі сахна сайысына айналып келе жатқан бұл дәстүрлі театр фестивалі - халықтардың өнер мен өмірдегі достығының, шығармашылық ізденіс биігінің үздік үлгісіне айналады деген сенімдеміз. Өз атымнан фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеймін, әр спектакль күтпеген жаңалықтарға толы болатынына және талғампаз көрермендердің көңілінен шығатынына сенімдімін,- деді Нұрлан Ноғаев.

"Abish alemi" театр фестивальіне Қазақстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Грузия елдерінен 9 театр қатысуда. Атап айтсақ: Туймазы Мемлекеттік татар драма театры (Башқұртстан Республикасы), Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» (Нұр-Сұлтан қаласы), «Дариға-ай» жастар театры (Семей қаласы), Месхети (Ахалцихе) Мемлекеттік кәсіби драма театры (Грузия), Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ академиялық музыкалық драма театры (Қызылорда қаласы), “Мемлекеттік қуыршақ театры” (Алматы қаласы), Барпы атындағы Жалал-Абад облыстық қырғыз драма театры
(Қырғыз Республикасы), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры
(Қарағанды қаласы), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры
(Алматы қаласы).

Фестивальдің ашылу салтанатында Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры және Маңғыстау облыстық филармония әртістері өнер көрсетті.