Елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстан Республикасының І дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Орденді табыстау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентін елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы деп атап өтті. 

– Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында Түркияның әлемдегі абырой-беделі арта түсті. Еліңізді дүниежүзі әлеуеті зор, дамыған мемлекет ретінде біледі, құрметтейді. Түркия – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, қос халықтың арасындағы бауырластық байланыс – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын діңгегі. Бұл іске Режеп Тайип Ердоған орасан зор үлес қосып келеді. 

– Мен оны жоғары бағалаймын. Әсіресе, туысқан елдерді ортақ мүддеге ұйыстырып, тамырымызды тереңдету үшін ерекше еңбек сіңіріп жүрсіз. Бастапқыда кеңес ретінде құрылып, бүгінде толыққанды ұйымға айналған Түркі мемлекеттері ұйымы – осының айқын дәлелі. Одан бөлек, бітімгершілік рөліңізді ерекше атап өткім келеді. Біз сіздің дүниежүзіндегі дағдарыстар мен аймақтағы мәселелерді шешу жолындағы бастамаларыңызды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Түркиямен стратегиялық әріптестікке негізделген көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтып, болашаққа бірге қадам басатынын атап өтті.

– Осы жолдағы мәңгі достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса береді. Сіз қазақ-түрік қатынасын тұрақты дамытуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Мен осы саладағы айрықша тарихи рөліңізді ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім екіжақты қарым-қатынастар жылнамасына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Мен достығымызды нығайтып, береке-бірлігімізді арттыра түсу үшін бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын, – деді Президент.