Ведомство өкілдері Талдықорған қаласы, Кербұлақ және Панфилов аудандарында тұрғындармен, жастармен, еңбек ұжымдарымен, сенсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлерімен, ҮЕҰ өкілдерімен, ауылдық округ әкімдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесулер өткізді. Осы жылғы 13 қазанда мобильді топ Алакөл және Сарқан аудандарына барады.

Мобильді топтың құрамына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова, Еңбекмині Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин, сондай-ақ ҚР Еңбекмині Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабағина кірді. 

Мобильді топ өкілдері «Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де болып, балалардың мекемедегі жағдайымен танысып, сондай-ақ орталықтың еңбек ұжымымен сөйлесті.

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында жұмыс тобының мүшелері журналистерге ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының іске асырылу барысы және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңашылдықтар туралы айтып берді.

Мәселен, вице-министр Назгүл Сағындықова Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары бойынша әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жыл деңгейінде жоспарланған арттыруды тоқтата тұру туралы, кейінгі 3 жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыру туралы толық түсініктеме берді.

«Бұл өсім 2 миллионнан астам зейнеткерге, сондай-ақ 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар болашақ зейнеткерлерге әсер етеді», – деп атап өтті вице-министр.

​ Бұдан басқа ерте зейнетке шығудың қолданыстағы заңнамалық негіздері, оның ішінде зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жолымен белгіленді. ​

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, спикер «Күміс жас» жобасының трансформациясы туралы айтты.

«Зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыс істемейтін әйелдерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту мақсатында Министрлік «Күміс жас» жобасын іске асыруда. Жоба шеңберінде әйелдерді жеке көмекшілер, күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар, жас қызметкерлерге арналған тәлімгерлер және т.б. ретінде жұмысқа орналастыру жүзеге асырылуда. Келесі жылдан бастап оған 50 жастан асқан адамдар (қазір тек 59 жастан асқан адамдар) қатыса алады», – деді Назгүл Сағындықова.

Вице-министрдің айтуынша, бұл жобаға қатысу кезеңі де еңбек өтіліне есептеледі, ал 30 АЕК (2023 жылы 100 мың теңге) мөлшеріндегі төлем сомасы зейнетақыны есептеу кезінде табыс ретінде қаралатын болады.

​ Осылайша, әйелдердің аталған санаты зейнеткерлікке шыққан кезде қазіргідей 20 мың теңге емес, жобаға қатысу өтіліне байланысты 70 мың теңгеге дейін алатын болады.

1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ және тек жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы алатын адамдар үшін жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы енгізілетін болады. Бұл жүйеден төлемдер жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің пайдасына жүзеге асыратын қосымша жарналар есебінен төленетін болады.

​ Осылайша, қабылданып жатқан шаралар тек қазіргі зейнеткерлердің ғана емес, болашақта зейнетке шығатындардың да зейнетақыларының тиісті мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңір бойынша сапардың екінші күні мобильді топ өкілдері «Қоғалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-ға барды, онда мекеменің жұмысымен танысып, көпбалалы аналармен, мүгедектігі бар адамдармен, ҮЕҰ өкілдерімен және жастармен кездесті.

Панфилов ауданында активпен кездесу өтті, оның барысында Отбасының цифрлық картасын енгізуге, Электрондық еңбек биржасы базасында цифрлық экожүйені қалыптастыруға, азаматтарды жаппай оқыту үшін жаңа мүмкіндіктерге, жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдеріне, балалы отбасыларды қолдау шараларына, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртуға, зейнетақы төлемдерін арттыруға қатысты түсініктемелер берілді.

Ал 13 қазанда мобильді топ жұмысы Алакөл және Сарқан аудандарында тұрғын халықпен, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, ауылдық округ әкімдерімен, мәслихат депутаттарымен, халықты жұмыспен қамту орталығының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымдарымен Жолдаудың негізгі бағыттары мен Әлеуметтік кодексті түсіндіру бойынша кездесулер бағытында жалғасатын болады.