Құрметті мемлекеттер басшылары!

Қонақжай Қазақстан жеріне қош келдіңіздер.
Ең алдымен, Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы аясындағы бастамаларын қолдап, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Бүгін Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан Президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов отырысқа алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысын ашық деп жариялаймын.

Құрметті әріптестер!

Гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылып отыр.