Баянауыл ауданы – өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Жыл сайын ауданға бөлінетін қаражат көлемі ұлғаюда. 2020 жылдан бері Баянауыл, Майқайың, Мұса Шорман және Мәшһүр Жүсіп ауылдары жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында модернизациядан өткізілді. Биыл Сәтбаев атындағы ауылда 341,1 млн теңгеге 4 жоба жүзеге асырылуда. 2023 жыл соңына дейін Ақсан кентінде Мәдениет үйі мен жол жөнделіп, көшелер жарықтандырылады.

- Аудан тұрғындары үшін Қарашат-Жаңа Жайма автомобиль жолы зор маңызға ие, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Биыл Жаңатілек ауылына жететін 32,7 шақырымдық жол жөнделді. Аталған жолдың 1,7 шақырымдық бөлігіне су тасқыны қаупі төніп тұр. Сондықтан аудан әкіміне қысқа мерзіде осы мәселені шешудің жолын табуды тапсырамын.

Соңғы жылдары Баянауыл ауданында 562,3 млн теңгеге сегіз мектеп жөнделді. Бүгінде Қаражар ауылында 70 бала оқитын 1958 жылғы апаттық мектеп бар. Ауыл тұрғындары бұл мәселені көптен бері көтеріп жүр. Осы орайда Әбілқайыр Сқақов келесі жылы 100 орындық жаңа мектеп құрылысын бастауды міндеттеді.

- Аудан орталығында бассейні бар спорт кешенін салу мәселесін қарастыруды бұйырамын, - деді облыс әкімі. – Аудандағы 38 елді мекеннің 29-ы таза ауызсумен қамтылған. 10 ауылда су құбыры салынды, Сәтбаев пен Ақши ауылдарында орталықтандырылған су құбырлары салынуда. Жыл соңына дейін аудан тұрғындарының 93,9% немесе 23 619-ы таза ауыз суға қол жеткізеді. Баянауыл мен Күркелі ауылдарындағы су құбырлары мәселелері қалды. Олар бойынша құрылыс жұмыстарын 2023 жылы аяқтауды тапсырамын.

Әбілқайыр Сқақов Майқайың кентіндегі инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың даму маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімінің тапсырмасымен келесі жылы өзекті мәселелердің шешілуіне қажет қаражат көлемін арттыру көзделуде. Оған қоса, өңір басшысы киелі жерлер маңыздылығын арттыра отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау қажеттілігін ерекше атады.

- Облыстың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Баянауыл әкіміне жергілікті туризмді дамыту жөнінде нақты ұсыныстар жолдауды тапсырамын. Сонымен бірге шалғайдағы ауылдарда ұялы байланыс пен мобильді интернетті күшейту қажет. Бұл мәселе аудан әкімі мен құзыретті органдар бақылауға алуы тиіс, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Кезекте тұрғандарды баспанамен қамту да өзекті мәселе. Биыл 22 адам пәтер алды. Аудан әкімі осы бағытта жұмысты жалғастыру керек.

Дәстүрге сәйкес, облыстық басқармалар басшылары Баянауыл ауданының ауылдарын аралап шықты. Келіп түскен 137 сауалдың көбі инфрақұрылымды дамыту, жол мен жер мәселесіне қатысты болды. Тұрғындар өз сауалдарын кездесу барысында өңір басшысына тікелей жолдауға мүмкіндік алды. Мысалы, аудан орталығының тұрғыны Айбат Ыдырысов қатты отын бағасын түсіру мүмкіндігін сұрады. Облыс әкімінің айтуынша, жергілікті кәсіпорын көмекке зәру адамдарға 1 мың тонна көлемінде тегін көмір берген.

Өз кезегінде, ауыл тұрғыны Азамат Төреханұлы Аймауытов көшесіндегі проблемамен бөлісті. Мұнда спорт алаңы мен жол салу қажет. Өңір басшысы осы жерге арнайы барып, аудан әкіміне жол мәселесін шешуді тапсырды. Серік Батырғожинов хабарлағандай, аталған жоба келесі жылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Жергілікті шаруа өңір басшысынан жергілікті еңбек ардагерлерінің есімдерін ұлықтауды және лимандық суаруды дамытуға көмек сұрады. Әбілқайыр Сқақов бастамаларға қолдау білдіріп, сол үшін аудан басшылығына ұсыныс жолдау қажеттілігін айтты.

Сауалдардың біразы туризмді дамыту, автожолды жөндеу мен интернетпен қамту мәселесіне қатысты қойылды. Мысалы, Майқайың кентінің тұрғыны жергілікті аурухананы жөндеу керектігі туралы мәселе көтерді. Әбілқайыр Сқақов Майқайыңға барып, бұл проблемамен жеке танысты. Нәтижесінде аудан басшылығына осы мәселенің тез арада шешу жолын іздестіру міндеттелді. Соңында облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.