Қазақстан мен Нидерланд арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтойына орай екі елдің елшілері Ботаникалық баққа 15 түп қарағай екті. Акцияға тек қана дипломаттар емес, бизнесмендер, сонымен қатар, Нидерландтың Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы министрлігінің арнайы өкілі Фредерик Воссенаар мен «Kazakh Invest» АҚ өкілдері қатысты.

«Біз бұл мерейтойды ерекше атап өткіміз келді, сондықтан, ағаш егіп, экологиялық акция өткіздік. Нидерланд елімен арадағы достықты жоғары бағалаймыз және жылдар өткен сайын бұл достық одан сайын нығайып, жемісті бола түседі деген үміттеміз», - деп атап өтті А. Жұмағалиев.

Өз кезегінде, Қазақстандағы Нидерланд Елшісі Андрэ Карстенс «екі ел арасындағы жылы қарым-қатынас кем дегенде тағы 30 жылға, 30 жыл өткен соң, одан да көпке созыла береді» деген үмітін жеткізді.

«Біз достығымыздың құрметіне орай ағыш ектік. 2 қараша күні дәл осы саябақта қызғалдақ гүлінің ескерткіші ашылады. Бұл біздің еліміздің сыйлығы және екі ел арасындағы мәңгі достықтың символы болмақ», - деді ол.

Айта кетейік, осы күндері елімізде қазақ-голланд бизнес-форумы өтіп, форум барысында екі тарап ынтымақтастықтың перспективті секторларын, сондай-ақ, Қазақстанның Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымға (UPOV) қосылуы туралы мәселені талқылады. Іс-шара барысында құны 400 млн еуродан асатын 5 келісімге қол қойылды.