Дүниежүзілік банктің бас экономисі Индермит Гиллмен өткен кеңес барысында әлемдік экономиканың даму перспективалары мен сын-қатерлері, жаһандық инфляция, климаттың өзгеруі, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі талқыланды.

ДБ мен ХВҚ алаңында Азия даму банкінің Қазақстан атынан басқарушысы – Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров АДБ вице-президенті Шиксин Чен мырзамен келіссөздер жүргізді. ҰЭМ басшысы ҚР-мен АДБ-ның 30 жылдық жемісті стратегиялық ынтымақтастығын атап өтіп, елдегі ағымдағы экономикалық жағдай, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгіледі.

Сонымен қатар, Ә.Қуантыров Moody's, Standard&Poor's және Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттіктерінің басшылығымен кездесулер өткізді. ҰЭМ басшысы Қазақстанның экономикалық дамуы және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы айтып берді.

Сапар барысында министр салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталығының өкілдерімен салық саясатының өзекті мәселелерін талқылады.

Бұдан басқа, Ұлттық экономика министрі Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесінің (USKBZC) мүшелерімен кездесті. Ә.Қуантыров елімізде жүргізіліп жатқан салық-бюджет саясаты, бизнес-климатты жақсарту жөніндегі реформалар туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол ҚР-дың қараша айында Мысырда өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (СОР-27) Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясын таныстыруға дайын екенін білдірді.