Нысанның ашылуына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин қатысты.

 «SG Beton» зауыты 15 мың шаршы метрге жуық аумақта орналасқан. Өндіріс ошағы толықтай заманауи құралдармен жабдықталған. Әрі жұмыс барысында озық технологияны пайдаланады. Нысан қуаттылығы жағынан еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ. Зауыт құрылысқа қажетті бұйымдардың кең көлемін өндіруге қауқарлы. Атап айтқанда, мұнда плита, баспалдақ, темір-бетон тосқауылдар, панельдік төбелер, іргетас блоктары шығарылмақ. Сондай-ақ үшкір қадалар мен өзегі қуысты тақталар өндіру де көзделіп отыр.

Зауыт құрылысына 16 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынған. 

Өндіріс кешені германиялық Maxtruder фирмасының құралдарымен жабдықталған. Жұмыс процесінің толықтай автоматтандырылуы адами фактор тарапынан болатын өндірістік қателіктерді болдырмайды және жұмыс барысын барынша жылдамдатуға мүмкіндік береді. Өнім шығару екі ауысым бойынша ұйымдастырылмақ. Кәсіпорын 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Айта кетерлігі, жобаның бастамашысы әрі авторы – «G-PARK» ЖШС құрылыс компаниясының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған жоба ең алдымен, құрылыс компаниясының өзін сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Ал артылған өнімдер нарыққа шығарылмақ. Бұл өз кезегінде елорданы жергілікті сапалы құрылыс материалдарымен қамтуға мүмкіндік береді.