Келіссөздерде Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал Бельгия тарапын – Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық дирекциясының Бас директоры Йерон Кореман басқарды.

Сұхбаттасушылар дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы аясында екі елдің сыртқы саяси мекемелері арасындағы жемісті әрекеттестікті қорытындылап, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі өзара тереңдету жоспарларын пысықтады.

Р. Василенко Қазақстанның Бельгиямен екіжақты және көпжақты ынтымақтастығын ілгерілетуде биік деңгейде орнатылған сенімді диалог маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 21 қарашада Брюссельге сапары шеңберінде атап өткендей, Қазақстан Бельгияны Еуропа Одағындағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптес ретінде қарастырады.

Консультациялар аясында 2023 жылы жоғары деңгейде бірлескен
іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберінде өзара әрекеттесу  мәселесіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан дипломаты Бельгия тарапын инвестициялық әріптестікті ұлғайтуға және басым салаларда бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Бельгия делегациясы Астанаға сапары барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басшылығымен кездесті.
Іс-шара аясында Академия мен Брюссель еркін университі арасында Академиялық және мәдени ынтымақтастық туралы жалпы келісімге қол қойылуы екі ел арасындағы жоғары білім саласындағы табысты  ынтымақтастықтың көрсеткіштерінің бірі болды.

Бельгия делегациясының Алматы әкімдігі басшылығымен де Қазақстан мен Бельгия арасындағы өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылауды жоспарлап отыр.      

Анықтама: Бельгия Қазақстанның Еуропа Одағы елдері ішіндегі маңызды сауда әріптесінің бірі болып саналады. 2021 жылы өзара сауда көлемі 419,7 млн. АҚШ долл. құрады. Өткен жылы Бельгияның Қазақстанға тартқан жалпы тікелей инвестициясы 1,069 млрд. долл., ал 2005 ж. – 2021 ж. арасында 9,96 млрд. долл. құрады. Қазақстанда бельгиялық компаниялардың қатысуымен 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді.