Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, қазіргі уақытта Біртұтас электр энергетикалық жүйе тұрақты жұмыс істейді. Биыл 16 қазандағы жағдай бойынша экспортты ескере отырып, электр энергиясын өндіру 86,9 млрд кВтсағ құрады.

Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Энергия көздерінің қоймаларында 4,1 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут жинақталған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді.

Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7%-ды құрайды. Бұл ретте 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарлануда. Нысаналы индикаторларға сәйкес 2025 жылға қарай электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 6%-ға тең болуы тиіс.

Министрдің айтуынша, электр энергетикасы саласын 2035 жылға дейін дамыту шеңберінде электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу қажет. Сонымен қатар «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасын, «таза көмір» технологияларын, жаңартылатын энергетиканы, заманауи газ және атом генерациясын енгізу жөніндегі шаралар топтамасы дайындалды.

Осы тақырып бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев те баяндама жасады.

Премьер-Министр ел экономикасының орнықты дамуы энергетика саласының тұрақты жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті. Қазіргі таңда электр энергетикасы үшін күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Экономикаға қосымша энергия көздері қажет. Сондай-ақ бұл саланың климатқа теріс әсерін азайту да оңай болып тұрған жоқ. Бұл – жаһандық дилемма, оның екі жаққа да тиімді балансын табу керек», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бүгінде өндірілетін энергияның 80%-дан астамы көмір мен мұнай секілді қазба отындарынан алынып отыр. 

«Алдағы уақытта бұл салада айтарлықтай өзгеріс бола қоймауы да мүмкін. Дегенмен, көмірқышқыл газын ауаға жібермей ұстап қалу және оны кәдеге жарату, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жаңа технологияларды қолдануға басымдық берілуде. Біз экологиялық балансты сақтауға, жасыл желекті, орман алқаптарын көбейтуге барынша көңіл бөлетін боламыз», — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ ол энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін де шешу қажет екенін атап өтті. Мысалы, өңірлерде электр желілерінің тозуы шамамен 65%-ды құрайды. Жылу электр орталықтарындағы жабдықтардың тозу деңгейі де осындай. Кейбір қалаларда бұл көрсеткіш тіпті 80%-ды құрайды.

Премьер-Министрдің пікірінше, электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет. Сонымен қатар экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады.

«Алдымызда күрделі міндеттер тұр. Ол үшін бізде жеткілікті ресурстар бар. Атап айтқанда, жаңартылатын энергетиканы дамытуға жарайтын қажетті жер аумағы, қазба байлығының мол қоры, атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар», — деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр көрші елдердің энергия жүйесі арқылы энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуді, ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдауды, сондай-ақ қазан айының соңына дейін Үкіметтің қарауына «инвестиция орнына тариф» саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынуды тапсырды. 

Сонымен қатар Энергетика министрлігіне көмір жағатын электр станцияларынан зиянды заттарды азайту және оларды кәдеге жарату технологияларын әзірлеп, қолданысқа енгізу тапсырылды.