ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 6 айдан кейін Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысының барысын тағы тексеретінін айтты

Қайырбек Өскенбаев Жамбыл облысына жасаған іс-сапары аясында өңір басшысы Нұржан Нұржігітовпен бірге «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС мен «Qazaq Soda» кәсіпорнында болды. Атап айтқанда, ИИДМ басшысы Сарысу ауданындағы екі кәсіпорынға барып, өндіріс ошақтарының қазіргі ахуалымен және химия өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыс барысымен танысты.

Халықаралық «ЕвроХим» химиялық компаниясының «Қаратау» фосфоритті бассейн кен орындарын әзірлеу және минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысы» инвестициялық жобасы Қазақстан Республикасы мен Ресейдің үкіметаралық келісімі аясында іске қосылған. Жобаның алғашқы кезеңінде «ЕвроХим» тау-кен кешенін игеру бағытында 126 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Бүгінде кәсіпорында 550-ге жуық адам жұмыс істейді. 2021 жылы компания 613 мың тонна кен өндірген.

Жобаның екінші кезеңінде жылына 1 млн тоннаға дейін дайын өнім шығаратын өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде қосымша 138,7 млн доллар көлемінде қосымша инвестиция тартылды. Бұл қаржы жобалық-бағдарлау жұмыстарын жүргізу, энергиямен қамтамасыз ету, су жүйелерін тарту, тазарту нысандары мен дикальций фосфатын өндіру үшін шикізат қоймасы құрылысын салуға бағытталған.

Кәсіпорын басшысы Игорь Георгиади инвестициялық жобаның екінші кезеңін іске қосудың нәтижесінде жергілікті кеннен отандық ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын өндіру көзделіп отырғанын айтты.

Өндіріс ошағының даму жоспарын талқылау барысында Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық аграрлық саланы толықтай отандық тыңайтқыштармен қамту турасындағы тапсырмасын атап өтті.

 «ТМД аумағындағы және әлемдегі тұрақсыз геосаяси ахуалға байланысты еліміздің ішкі нарығында минералды тыңайтқыштар жетіспеушілігі байқалуда. Ауыл шаруашылығы саласын тұрақты қамту және сыртқы факторлардың әсерінен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және осы орайдағы қажеттіліктерді толыққанды қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы отандық агрохимия секторын дамытуға үлкен мән беруді тапсырды», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ ол «ЕвроХим» басшыларына тек қана зауыт салып, кен өндіру жауапкершілігін алмағанын, сонымен бірге дайын өнім шығару міндеті жүктелгенін еске салды.

 «Бұл – маңызды міндет. 6 айдан кейін жобаны жүзеге асыру орайындағы тапсырмалар мен міндеттердің қаншалықты тиімді іске асырылып жатқаны тексерілетін болады. Егер де бұл тарапта қандай да бір ілгеру байқалмайтын болса келісім шартты бұзу туралы мәселе қарастырылатынын қаперлеріңізге саламын», – деді министр.

 «Qazaq Soda» кәсіпорнына ат басын тіреген Қайырбек Өскенбаев кальцинирленген сода өндіретін зауыт құрылысының жобасымен танысты. Бұл кәсіпорынның жылдық қуаттылығы жылына 500 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Инвестор ретінде тартылған «Yildirim Holding Kazakhstan» басшылары аталған өндіріс ошағына 142 млрд теңге салуға ниетті. Іскер топ өкілдері 2024 жылға қарай заманауи технологияның арқасында қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей зауыт салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Кәсіпорын директоры Рамазан Ибраимовтың айтуынша, жоба құрылысын іске асыру кезінде жергілікті бір жарым мың адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары мен құрал-жабдықтарды жеткізу жүргізілуде.

Қайырбек Өскенбаев кәсіпорын жұмысымен танысу барысында химия өнеркәсібі отандық экономиканың негізгі салаларының бірі екендігін айтты. Аталған саланы дамытудағы ерекше қарқын индустриялық бағдарламаның алғашқы бесжылдығын іске асыруда ерекше ықпал еткен. Бүгінде бұл тараптағы негізгі көрсеткіштер саланы дамытуға оң серпін беруде.

 «2015 жылдан бері өндіріс көлемі екі жарым есе өсті. Ал экспорттың үлесі бір жарым есеге артқан. Индустриялық-инновациялық даму саясатын жүзеге асырудың бастап кезеңінен бері жыл сайынғы негізгі капиталға салынған  инвестиция көлемі 21 есе артты. 2010-2020 жылдары аралығында елімізде химия өнеркәсібінің негізгі іргетасы қаланды. Салаға тың серпін берілді. Химия өнімдерінің санымен қатар сапасы да артты. Өз кезегінде бұл жоба еліміздегі кальцинирленген содаға деген ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.