Іс-шараны Германия экономикасының шығыс комитеті мен Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасы мен Бельгия Корольдігіндегі Елшіліктері ұйымдастырды.

Отырыс «Global Gateway» – жаңа жағдайдағы жобалар үшін мүмкіндіктер» және «Қазақстандағы әлеуметтік реформалардың күн тәртібі: Еуропадан көзқарас» тақырыптарындағы екі сессия форматында өтті.

Сессияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Клубтың ҚР мен ЕО арасындағы жан-жақты ынтымақтастығы мәселелерін талқылаудағы маңызды алаң ретіндегі рөлін атап өтті. Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елдегі мемлекеттік басқару нұсқасын өзгертуге, азаматтардың саяси іс-шараларға қатысуын кеңейтуге және адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған кешенді саяси жаңғырту жұмысының барысы туралы хабардар етті. Р. Василенко Астана Еуропа мен Азия арасындағы тауар тасымалының қосымша бағыттарын, атап айтқанда «Орталық дәліз» деп аталатын күре тасымал жолын дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. «Біз еуропалық серіктестердің өзара тиімді байланыстарды нығайтуға үлкен қызығушылығын байқаймыз және ортақ мақсаттарымызға қол жеткізу жолында нәтижелі бірлескен жұмыс жүргізуге әзірміз», – деді отандық дипломат.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов құрылғаннан бергі 10 жыл ішінде БЕК мемлекеттік органдардың, бизнестің, Қазақстанның, Германияның және басқа да еуропа елдерінің сарапшылары қатысатын бейресми диалог алаңы ретіндегі тиімділігін дәлелдегенін айтты. Оның пікірінше, ҚР мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық айналымның жоғары динамикасын ескерсек, Қазақстан одақтың «Global Gateway» стратегиясы шеңберіндегі жобаларды табысты іске асыруға мүдделі, ал бұл өз кезегінде барлық тараптардың көліктік-логистикалық әлеуетін нығайтуға және «win-win» қағидатымен табысты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етпек.

Еуропалық комиссияның Халықаралық серіктестік бас дирекциясының Таяу Шығыс, Азия – Тынық мұхит аймағы және Орталық Азия бойынша директоры Питерис Устубс экономикалық дамудың, экологиялық қауіпсіздіктің, цифрлық технологиялардың және мемлекеттердің әлеуметтік саясатының әртүрлі аспектілері, соның ішінде денсаулық сақтау мен білім беру жүйесіндегі тұрақты инвестициялар мен инновациялар саласындағы өзара байланыстың жоғары деңгейін атап өтті. Осы тұрғыда ЕО Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен ортақ мәселелер бойынша кешенді ынтымақтастықты жалғастыруға әзір.

Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия, ЕҚЫҰ және өңірлік ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры Михаэль Зиберт ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі жан-жақты іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Еуроодақтың Қазақстандағы ауқымды реформаларды қолдайтынын тілге тиек ете келе, ол Қазақстан мен ЕО арасындағы көліктік-логистикалық және өзге де байланыстарды дамытуға бағытталған нақты жобаларды іске асыру бойынша саяси байланыстар мен өзара іс-қимылдың оң динамикасын атап өтті.

Сессияға қатысушылар ЕО «Global Gateway» стратегиясы шеңберінде Қазақстан, Орталық Азия елдері мен Қытай және Еуроодақ елдері арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған Орталық Еуразиядағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларды іске асыру перспективаларын талқылады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Алмаз Ыдырысов отырысқа қатысушыларына Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру және еуропалық бағыттағы инфрақұрылымды дамыту стратегиясын таныстырды.

Өз кезегінде, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов еліміздің теміржол саласын дамытудың өзекті үрдістерін және осы саладағы ЕО-мен ынтымақтастықты арттыру үшін перспективалы бағыттарды атап өтті.

«Қазақстандағы әлеуметтік реформалардың күн тәртібі: Еуропадан көзқарас» тақырыбындағы панельдік сессияда Батыс және Солтүстік Еуропа елдерінің беделді сарапшылары қазақстандықтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудағы жетістіктер мен кемшіліктер жайлы пікір алмасты.

Қазақ-неміс қоғамының президенті, Қазақстандағы Конрад Аденауэр қорының бұрынғы директоры Томас Хельм Астанаға Германияда және ЕО-ның басқа елдерінде жинақталған әлеуметтік даму стандарттарын енгізу тәжірибесі көп жағдайда пайдалы болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл саясат түрлі өңірлер арасындағы даму деңгейлерін біртіндеп теңестіруге мүмкіндік беретін болады.

Қауіпсіздік және даму саясаты институтының (Стокгольм) директоры Сванте Корнелл сессияның негізгі баяндамашысы ретінде «Қазақстандағы әлеуметтік реформалар» тақырыбында жасаған зерттеуінің негізгі қорытындыларымен таныстырды. Ол өз баяндамасында тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік саладағы бірқатар табысты бағдарламаларды іске асыруға, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы прогреске назар аударып, бүкіл ел аумағында, оның ішінде ауылдық жерлерде табыстың біркелкі бөлінуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, өскелең ұрпақпен бірге мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы түбегейлі өзгеретінін және осыны елдегі әлеуметтік, саяси және экономикалық реформалардың жаңа пакеттерін одан әрі әзірлеу және іске асыру кезінде ескеру қажет екендігін айтты.

Қазақстан мен Өзбекстандағы Фридрих Эберт қорының өңірлік директоры Кристоф Мор елді кешенді қайта құру, ҚР мен ЕО-ның түрлі салалардағы әріптестігін қолдау және нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, жақында өткен конституциялық референдум мен алдағы президенттік сайлау әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды алғашқы қадамдар болып табылады, ал мемлекет пен қоғам арасындағы Президент Қ. Тоқаев қолдау білдіріп жүрген диалог өзгерістердің берік негізін қалайды. Неміс сарапшысы бұл жолдағы кедергілер бола бермек, алайда оларды еңсеру әбден мүмкін деп санайды.  

Өз кезегінде, талқылауға қатысқан Нидерланд, Норвегия, Франция сарапшылары елдегі әлеуметтік реформалардың түрлі тұстарын, қазақстандық қоғамда және халықаралық қауымдастықта бұл процесті қабылдауды, оларды іске асыру үшін бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси жағдайды атап өтті. Қозғалған тақырыптардың қатарында энергетикалық секторды жаңғырту және «жасыл» экономикаға көшу және осы процестердің әлеуметтік салаға әсері, моно-қалалар мәселесі, жұмыспен қамтуды ынталандыру, гендерлік теңдік және т. б. бағыттар болды.

Жалпы, пікірталас осы саладағы өзара пайдалы тәжірибе алмасудың маңыздылығын байқатты. Еуропалық сарапшылар Қазақстандағы әлеуметтік реформаларға айтарлықтай қызығушылық танытып, мұндай пікірталастың қазақстандықтардың өмір сүру стандарттарын жоғарылату, Қазақстандағы жағымды өзгерістерді халықаралық ортада тиянақты түсіну, ҚР мен ЕО елдері арасындағы одан әрі жақындасу үшін де қажет екенін мойындады.

Іс-шараға қатысушылар қазақстандық реформалар тәжірибесін зерделеу бойынша осындай пікірталастарды жалғастырудың және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырудың қажеттігін атап өтті.

Іс-шараға ЕО-ға қатысушы елдердің мемлекеттік органдары мен Еуроодақ құрылымдарының, іскер топтардың, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының 70-тен астам өкілі қатысты.