Қар барысы-Азияның биік тауларының мәдени және табиғи мұрасының символы. Барыстың әлемдік популяциясының үштен бірі халықаралық шекарадан 100 км қашықтықта тіршілік ететіндіктен оны трансшекаралық ынтымақтастықтың нағыз елшісі деуге болады. Сонымен қатар, Азияның биік таулы экожүйелері, аймақтық және жаһандық экожүйенің дамуына айтарлықтай үлес қосады, сондықтан қар барысын бейбітшілік елшісі деуге толық негіз бар, - делінген отырыс бағдарламасында.

"Қар барысы – Қазақстанның сирек кездесетін ірі жыртқыштарының бірі, ол 1978 жылы еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар, қар барысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік символы болып табылады және қазақ халқының баға жетпес табиғи және мәдени мұрасын бейнелейтін үлкен қоғамдық маңызы бар ", - деп атап өтті Ә.Шалабекова өзінің құттықтау сөзінде.

Біздің еліміз тек Республика үшін ғана емес, жалпы әлемдік экология үшін де маңызды рөл атқаратын биоәртүрліліктің үлкен шоғырланған аумағы болып табылады. Дегенімен, айта кету керек, Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлері де бар. Қар барысы солардың қатарында, соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде шамамен аталмыш жыртқыштың 140-180 дарағы мекендейді.

Сондай-ақ, Қазақстан Халықаралық агенттіктермен, үкіметтік емес сектормен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесе климаттық өзгерістерге бейімделу шараларын енгізу, биоәртүрлілікті сақтау және экожүйелерді орнықты басқару бойынша елеулі қадамдар жасауда.

Осылайша, орнықты дамудың 17 мақсатына қол жеткізуде біздің Республика ұлттық стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға 80-ге жуық нысаналы көрсеткішті енгізді.

Сонымен қатар, 2021 жылы БҰҰДБ ЖЭҚ жобасының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет спутниктік телеметрияны қолдану қолға алынды.

"Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында қар барысын сақтау бойынша көптеген мәселелер шешілуде, алайда олардың біразы әлі де өзекті болып қала береді. Қазақстанда 1990-шы және 2000-шы жылдардың басында байқалған браконьерлік және қар барысы дериваттарының заңсыз саудасы соңғы жылдары өте сирек кездеседі",-деді вице-министр сөз соңында.