Отырыс барысында өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктерді субсидиялау және оны жетілдіру мәселесі талқыланды. Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілеповтің айтуынша, бүгінде қалалық қоғамдық көліктерді субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың тікелей құзіретінде. Жыл сайын бұл тарапта бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай артып келеді.

«2021 жылы жергілікті әкімдіктер аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар қалалық автобус бағыттарын субсидиялауға 93 млрд теңге бөлді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық (53 млрд теңге), ал 2018 жылы бөлінген қаражат көлемінен 5 есе жоғары (17 млрд теңге). Ал биыл аталған саланы субсидиялауға 113,5 млрд теңге қарастырылған. Қаржының басым бөлігін Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері бөлген», – деп атап өтті Қасым Тілепов.

 Сонымен қатар Көлік комитетінің бастамасымен тарифтерді есептеу әдістемесін өзектендіру және әлеуметтік маңызды қоғамдық көліктерді субсидиялау ережесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамына Көлік комитеті, жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ҰКП өкілдері және салалық ұйымдар, тасымалдаушы мекемелердің қызметкерлері кірген жұмыс тобы субсидиялау механизміне бірқатар түзету енгізуді ұсынды.

Отырыс барысында Қазақстан автомобиль конвентінің президенті Марат Берқалиев қоғамдық көлікке субсидия бөлудегі бірқатар қордаланған мәселені ортаға салып, өз ұсынысымен бөлісті. Атап айтқанда, ол субсидияны өңірлерге бірдей бөлу қажет екендігін алға тартты. Бұл өз кезегінде тозығы жеткен автобус парктерін жаңалауға, халыққа тиімді қызмет көрсетіп, тасымал сапасын арттыруға және қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге сеп болмақ.

Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жауапты тұлғаларға субсидиялау тетіктерін пысықтауды тапсырып, отырыс барысында айтылған ұсыныстар жіті назарға алынатынын жеткізді. Ведомство басшысы саладағы мәселелерді оңтайлы шешу үшін ЖАО, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ тасымалдаушылармен бірлесіп жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін алға тартты.