Іс-шара Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде мемлекеттік органдар, Парламентаризм институты, «Атамекен» ҰКП, Парламентте ұсынылмаған «Ауыл», ЖСДП саяси партияларының өкілдерінің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен өтті.

Комитет төрағасы Альберт Рау заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленгенін және Қазақстанда агломерацияларды қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер жасауға бағытталғанын атап өтті.

А. Рау ілеспе заң жобасымен Қазақстан Республикасының 7 заңнамалық актісіне: 2 Кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін, заң жобаларының мәтіндері Парламент Мәжілісінің ресми сайтында орналастырылғанын айтты.

Өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков депутаттарға заңнамалық жаңалықтарды ұсына отырып, «агломерация» терминінің анықтамасы енгізіліп жатқанын түсіндірді.

Баяндамашының айтуынша, бұл тұрғындарының саны бес жүз мың адамнан асатын астанадан немесе Республикалық маңызы бар қаладан не облыстық маңызы бар қаладан (агломерация орталығынан) және оның айналасында орналасқан күнделікті еңбек, өндірістік, әлеуметтік-мәдени және өзге де байланыстары, сондай-ақ аумақтық бірігу үрдісі бар елді мекендерден тұратын жергілікті жүйе.

Заң жобасында агломерацияларды басқарудың жаңа моделі енгізілуде. Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатын агломерациялар жөніндегі Кеңестің қарауына шығарылатын болады. Сонымен қатар заң жобасына сәйкес өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі.

Атап айтқанда, әкімдіктер агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатыса алады.

Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысатын болады. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл өкілеттіктер қала мен қала маңындағы аймақ арасындағы экономикалық дамудағы теңгерімсіздіктерді еңсеруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары Орталық қалаларды дамыту мен салудың бас жоспарын және қала маңы аймағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын іске асыру жөніндегі субъектілердің қызметін үйлестіре алады.

Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобына Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев жетекшілік ететін болады.