Халықпен кездесу барысында қаланың экологиялық жағдайы бойынша көптеген мәселелер талқыланды.

Атап айтқанда, Серікқали Аманғалиұлы өз есебінде Алматының бірнеше жылдан бері ең ластанған қалалар тізіміне енгенін атап өтті. Жыл сайын қала атмосферасына шамамен 138,7 мың тонна ластаушы заттар шығарылады. Ластану жылу көздерінің (ЖЭО-2 және ЖЭО-3), жеке тұрғын үйлердің және транспорттың шығарындыларымен байланысты. Бұдан бөлек, Алматы қаласының атмосфералық ауасының жай-күйіне Алматы облысының 3 іргелес аудандарындағы газдандырылмаған өңірлердің шығарындылары теріс әсер етуде.

9 ай ішінде ел бойынша атмосфераға 900 мың тоннаға жуық ластаушы заттар шықса, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18%-ға төмен (1,1 млн.тонна). Алматыда 31,9 мың тонна белгіленсе, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,4%-ға төмен (44,6 мың тонна).

Сондай-ақ, Министр Алматының экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар кешені алматылықтардың пікірлерін ескере отырып әзірленгенін атап өтті. Осы орайда, қаладағы экожүйені бақылау бекеттерінің саны 16-дан 40-қа дейін өсті. Барлық жаңа бекеттерді қоғамдық ұйымдардың күштері ұйымдастырып, Қазгидрометтің бірыңғай мониторингтік желісіне біріктірілді (11 бекет – Эко сарапшы, 10 датчик Павел Плотицын, 3 бекет – Скаймакс). Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімдігі Азия даму банкінің көмегімен Қазгидрометтің AirKZ мобильдік қосымшасына интеграцияланатын тағы 50 датчик орнатады.

ЖЭО-ны экологияландыру мақсатында газ турбиналарын салу арқылы барлық ЖЭО-ны жаңғырту туралы шешім қабылданды. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 бойынша ТЭН-ге мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ашық тендер өткізілуде. Жұмыстарды 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Бұл 2-ЖЭО-дағы шығарындыларды 94%-ға 38-ден 2 мың тоннаға дейін, 3-ЖЭО-дағы шығарындыларды 83%-ға 12-ден 2,0 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Алматы әкімдігі дизельді қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салды. Қазірдің өзінде 827 электр және газ автобустары сатып алынды. Осы жылдың соңына дейін экологиялық таза қоғамдық көліктің жалпы саны 40%-ды құрайды, ал 5 жыл ішінде қалалық көлікті толығымен газ бен электр энергиясына ауыстыру жоспарлануда.

«Көгалдандыру мақсатында әкімдік жасыл желектерге толық аудит жүргізіп, олардың тізілімін жүргізуде. Жүйелі шара ретінде Министрлік тиісті заңнамаға ағаштарды кесу нормаларын қатаңдату бойынша өзгерістер енгізді, онда 20-30 есе мөлшерде заңсыз кесілгені үшін ағаштарды өтемдік отырғызу көзделген және заңсыз кесілгені үшін әкімшілік жаза бес есеге дейін ұлғайтылды.

Осыған байланысты, Алматы қаласының әкімдігі жасыл екпелер санын азайтуға жол бермеу мақсатында ағаштарды өтемдік отырғызуға және көшеттерді кейіннен күтуге қатаң бақылау орнатуы қажет», - деп атап өтті министр.

Стихиялық қоқыс үйінділерін құру мәселесі бойынша қауіпті қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындарға лицензиялар беру басталды, қоқыс шығаратын кәсіпорындардың тізілімі құрылды және қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар ұлғайтылды (жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін).

Кездесу барысында қала құрылысы кезіндегі жел режимін есепке алу, су шаруашылығы және экологиялық туризмді дамыту мәселелері де қозғалды.

Тұрғындармен кездесу мүмкіндігін пайдалана отырып, Экология министрі іс-шараға қатысушыларға: «Құрметті достар, сіздер тұратын қала керемет табиғатымен әлемге танымал. Алайда, осы табиғатты бұзатын кейбір туристердің көзқарасы бізді қынжылтады. Біз қоқысты жоюға тырысамыз, түрлі экоакциялар жүргіземіз, бірақ біздің күшіміз жетпейді. Мен бірегей табиғи байлықтарымызға ұқыпты қарауға, тауда қоқыс қалдырмауға, дұрыс емес жерлерде от жақпауға шақырамын. Болашақ ұрпақ үшін табиғат сұлулығын құрметтеу және сақтау қажет. Бұл менің экология министрі ретіндегі жеке өтінішім Сіздерге», - деп үндеу айтты.

Есептен кейін министрдің алматылықтармен жанды диалогы жалғасып, әрбір тұрғын «еркін микрофон» арқылы өзін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Кездесу қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылды.