Атап айтқанда, Серікқали Аманғалиұлы Жетісу облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы екенін атап өтті. Облысқа ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 10,8 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға (10,1 мың тонна) төмен. Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Сондай-ақ, Алматы облысы бойынша Жол картасы аясында 8 іс-шараның 6-уы Жетісу облысына тиесілі. Мәселен, өткен жылы Талдықорған қаласының, Көксу және Ескелді аудандарының 6 қазандығы газға ауыстырылды, Ескелді ауданының кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, Талдықорған қаласының LED-экрандарында Қазгидромет ұсынатын атмосфералық ауаның сапасы туралы ақпарат орналастырылуда.

Облыс әкімінің орынбасарына арнаған сөзінде министр облыстардың бөлінуін ескере отырып, осы жылдың қараша айының соңына дейін жұртшылықпен бірлесіп Жетісу облысының экожүйесін жақсарту бойынша жеке жол картасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Министр кездесуге қатысушылардың назарын қалдықтарды басқарудың нашар дамыған инфрақұрылымы проблемасына, ҚТҚ полигондарының нормаларға сәйкес келмеуіне, рұқсат етілмеген полигондардың едәуір санына және кәріз-тазарту құрылыстарының тозуына не олардың болмауына аударды. Жалпы, Жетісу облысы бойынша биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 5,6% -ды құрады, бұл өте төмен көрсеткіш. Орташа республикалық деңгей 24%-ды құрайды. Биылғы жылы өңірде космомониторингпен 142 полигон анықталды, оның 63%-ы жойылды (90 бірлік). Сонымен қатар, бірқатар қалалар мен аудандардың әкімдері полигондарды жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қоғамдық резонанс тудыратын тағы бір мәселе кәріз және ағынды суларды тазарту қондырғыларының жағдайы болды. Мәселен, облыста 358 елді мекеннің 13-і немесе 3,6%-ы орталықтандырылған су бұрумен қамтылған. Талдықорған қаласының тазарту құрылыстары қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жоспардан тыс тексеру барысында «Жетісу су арнасына» қатысты бірқатар экологиялық бұзушылықтар анықталды, оларды жою үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу және тазарту құрылыстарын реконструкциялау талап етіледі. Бұл айтарлықтай қаржылық қаражатты қажет етеді. Осыған байланысты облыс әкімдігіне экологиялық төлемдерден түсетін қаражат есебінен қаржыландыру мәселесін қарастыру ұсынылды.

Балқаш көлінің таяздау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Балқаш көлінің оңтайлы деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 м белгіге тең. Соңғы 10 жылдағы деректер көл деңгейі бұл белгіден төмен түспегенін көрсетеді. Көлдің тұрақты деңгейде сақталуына Іле өзенінің жыл сайынғы ағыны, су көлемі кемінде 12 км3 кепілдік береді. «Добын» шекара маңы бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау өзеннің орташа көп жылдық ағыны немесе 2001-2021 жылдар кезеңінде жылына 13,8 км3 құрағанын көрсетті.

Сондай-ақ, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында Балқаш көліне жылына кемінде 12 км3 су ағызу үшін оның түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 12 су объектісінде тазарту жұмыстары жүргізіліп, Балқаш көлі бассейніндегі 12 канал жөнделеді.

Сонымен қатар, Қытай тарапымен су бөлу жөніндегі Келісім жобасын одан әрі келісу кезінде Балқаш көлінің экожүйелерін дамыту және сақтау мүдделері ескерілетін уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша Министрлік топырақ эрозиясын азайту және шөлейттенуді болдырмау мақсатында Балқаштың жағалау сызығын көгалдандыру мәселесін пысықтауда.

Кездесу барысында халыққа биыл Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру туралы хабарланды, бұл 2,5 мың халқы бар 4 АЕМ су басу қаупін болдырмауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 5,2 мың га жаңа суармалы жерлерді пайдалануға беру үшін ирригациялық инфрақұрылым салу басталды.

Балық шаруашылығын дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі саланы дамытудың бағдарламасы бекітілгені туралы айтылды. Осы жылдың 6 айында облыста 200 тонна тауарлық балық өсірілді. 2023 жылдың соңына дейін қуаттылығы 400 тонна болатын 10 көл-тауарлық балық өсіру шаруашылығын құру жоспарлануда.

«Облыс әкімдігінен жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алуды және қажетті көмек көрсетуді сұраймын», - деп назар аударды министр.

Сондай-ақ экологиялық туризм мен орман шаруашылығын дамыту перспективалары айтылды.

Кездесу соңында Серікқали Аманғалиұлы Жетісу облысының тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Іс-шара аяқталғаннан кейін Министр азаматтарды жеке қабылдады.

Кездесу қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізілді.