«Осындай сәтте академик Нұрлан Бәтпеновті еске ала отырып, біз ұлы дәрігерге, ғалымға, денсаулық сақтау мен ғылымды ұйымдастырушыға, теориялық білім мен серпінді қолданбалы зерттеулердің маңыздылығын терең түсінген адамға құрмет көрсетеміз. Оның өмір жолы бүгінгі жас зерттеуші дәрігерлер үшін шабыттандыратын үлгі екені сөзсіз», – деп атап өтті А Ғиният.

Ол академик Н.Ж. Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығы медицина ғылымында ерекше орын алатынын, бұл еліміздің тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде ашылған алғашқы ірі ғылыми мекемелердің бірі екенін атап өтті.

Нұрлан Жұмағұлұлының басшылығымен қысқа мерзім ішінде оның қажымас энергиясының арқасында Орталық жақын және алыс шетелдердің белгілі бейінді институттарының деңгейіне жетті.

Н.Ж. Бәтпеновтің жетекшілігімен 2015 жылы «Эндопротездеуді қолдана отырып, ұршықбуын хирургиясында инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу» атты жұмысы үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

Қазіргі уақытта Германияда Н. Бәтпеновің  моделі «Kaz Niito» ұршықбуынының эндопротездерін шығару жолға қойылған. Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындарының ғылыми-өндірістік базаларын тарта отырып, травматология мен ортопедияға арналған медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығаруда.