ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде министр Ажар Ғинияттың төрағалығымен онкологиялық аурулар жөніндегі үйлестіру кеңесі өтті, онда ағымдағы жағдай мен 2023-2025 жылдарға арналған даму перспективалары талқыланды.

ҚР ДСМ-нің штаттан тыс бас онкологы, академик, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Д. Қайдарованың баяндамасы сәйкес 2022 жылдың 9 айында Қазақстан Республикасы бойынша сырқаттанушылықтың өсуі 4,6% -ды құрады, онкологиялық аурулардан өлім-жітім 8,5% - ға төмендеді.

Аурушаңдық құрылымында жетекші орында: сүт безі обыры, өкпе обыры, тоқ ішек обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры. Өлім-жітім құрылымында жетекші орында: өкпе обыры, асқазан обыры, тоқ ішек обыры, сүт безі обыры, ұйқы безі обыры.

Сондай-ақ, үйлестіру кеңесінде қатерлі ісіктердің ауыртпалығын төмендету бойынша онкологиялық көмекті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бес бағыт бойынша талқыланды: тәуекел факторларының алдын алу және басқару, жоғары тиімді ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, ғылым мен кадрлық әлеуетті дамыту.

Тұжырымдама профилактиканы жетілдіруге, радиологиялық және зертханалық-диагностикалық жабдықтарды жаңғыртуға, цифрлық маммографтар, сәулелік аппараттар мен бейнеэндоскоптар паркін жаңартуға, аз инвазивті хирургияның заманауи аппараттарымен және операциялық-реанимациялық жабдықтармен жарақтандыруға, ісікке қарсы препараттардың спектрін кеңейтуге, жоғары мамандандырылған кадрларды даярлауға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған орталықтарды салу және реконструкциялау мәселелеріне бағытталған.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін халыққа онкологиялық көмекті жетілдірудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірлеу тапсырылды.