ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр Ақтөбе облысының жолдарындағы монтаждау жұмыстарының барысымен және алдағы уақытқа белгіленген жоспарлармен танысты.

«Бүгінгі таңда «Ақтөбе-Қандыағаш» жобасы басты назарда. Осыған байланысты жұмысты күшейту қажет. Бұған дейін біз «Ақтөбе-Қарабұтақ» учаскесі бойынша кеңес өткіздік. Ең алдымен, барлық жобаны 1А техникалық санатына сәйкестендіру мәселесін қарастыру қажет. Осы ретте мердігер ұйымдар кепілдік шеңберінде жолдың сапасына жауап беруі тиіс», - деп атап өтті Жамбыл Бақтияр.

Конференция барысында қоғам қайраткері, Ақтөбе облысының тұрғыны Сағынғазы Құрманәлі «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ филиалының басшысына бірқатар сұрақ жолдады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда халық «Ақтөбе-Қандыағаш» жобасы бойынша құрылыс жұмыстарының баяулауына алаңдаушылық танытып отыр. Ол сондай-ақ мердігер ұйымның жобаны уақытылы тапсыруға қауқары жеткіліксіз екенін атап өтті. Сондай-ақ орындалған жұмыстардың сапасына қатысты бірқатар елеулі шағым айтылды. 

Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данагул жобаның уақытылы тапсырылуына инертті материалдарды тасымалдау кезінде вагондардың тапшылығы әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар бірлескен инспекциялау мақсатында филиал басшысы қоғам белсендісін осы жолды қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысуға шақырды.

Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар жолдар желісі 1869 шақырымды құрайды. Күзгі бақылау нәтижелеріне сәйкес жолдың нормативтік жай-күйінің үлесі 81% құрайды.