Астаналықтар министрге өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойды. Атап айтқанда, газдандыру, әлеуметтік нысандарды, оның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар, кәріз желілерін салу, сондай-ақ қосымша автобус бағыттарын іске қосу мәселелерін көтерді.

Ә.Қуантыров тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, барлық мәселелер толық зерделеніп, әкімдікпен бірлесіп қаралатынына сендірді.

Сондай-ақ, ҰЭМ басшысы Астана ЖЭО-2-де (Жылу электр орталығы) болды. Онда тариф белгілеу, жаңғырту және көмір қазандықтарын газға ауыстыру мәселелері талқыланды.

Стансаның жылу энергиясының қуаты – 2 106 Гкал/сағ, электр қуаты – 600 МВт. Өндірілген электр энергиясы елорданың электр жүктемесін және стансаның өз қажеттілігін жабуға жұмсалады.

Бұдан әрі министр интеграцияланған өндірістік кешенінің құрылысы барысымен танысты. Астана-Технополис арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан кәсіпорын жалпы ауданы 17 мың шаршы метрді құрайтын 5 цехтан тұрады. Оны ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Терезелер, медициналық жабдықтар, кеңсе жиһаздары мен металл бұйымдарын шығаратын зауыттың құны 21,7 млрд теңгені құрайды.

«Бұл өндіріс толығымен жеке шетелдік инвестиция есебінен қаржыландырылады. Біз өз тарапымыздан жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа технологиялар енгізілетін осындай салаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Отандық өндіріс тұтынушылық сұранысты арттырады. Мұның барлығы елорда экономикасына оң әсер етіп, бюджетке қосымша кіріс әкеледі», - деді министр.