Министр ведомство іске асырып жатқан жас мамандарды жұмыспен қамту және жастарды қолдаудың басқа да шаралары туралы айтты.
Тамара Дүйсенова белсенді жастарға Еңбек министрлігі жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейту, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеу, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеу, жұмыспен қамту орталықтарын мансап орталықтарына айналдыруды және барлық қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейтін жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат әзірленгені жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
«Осылайша, азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылатын болады», – деп атап өтті Министр.
Еңбекмині басшысы жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінетініне баса назар аударды.
«Жыл сайын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Жеңілдікпен кредит беру» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жастарды, оның ішінде Ақмола облысында 3,8 мың адамды нәтижелі жұмыспен қамту жоспарлануда», – деп толықтырды өз сөзін Тамара Дүйсенова.
Министр кездесуге қатысушыларды кәсіби дағдыларды, оның ішінде өз бетінше алған икемділік пен машықтарды, сондай-ақ бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін тану шарттарын заңнамалық деңгейде бекіту туралы хабардар етті. Бұл қазақстандықтар үшін жұмыс іздеуде жаңа перспективалар ашады, сондай-ақ ел азаматтарын өз біліктілігін арттыруға ынталандыратын болады.
Сонымен қатар Еңбекминінің басшысы кәсіптік бағдарлау мен дағдыларды игеруден бастап, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің өзіндік супермаркетіне айналған Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең ауқымы туралы жан-жақты әңгімеледі.
«Бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа жұмыс іздеудің де, жұмысшыларды іздеудің де бірыңғай алаңына айналды. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 110 мыңнан астам бос жұмыс орны және жұмыс іздеушілерден 138 мыңнан астам түйіндеме ұсынылған. Жастар – халықтың ең мобильді санаты, Электрондық еңбек биржасының көмегімен елдің кез келген өңірінде жұмыс таба аласыз», – деді Тамара Дүйсенова.
Министр Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс тауып қана қоймай, таңдалған бағыт бойынша онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларға үйренуге болатынын атап көрсетті.
«Сіздерде жастар арасында сұранысқа ие дағдылар бойынша курстардың авторы болуға мол мүмкіндік бар. Оларды Электрондық еңбек биржасында тегін орналастыра аласыз, ал болашақта ақылы негізде ең танымал курстар бойынша оқуларды құрастыра отырып, одан ақша да табуға болады», – деп толықтырды Тамара Дүйсенова.
Жастарды еңбек нарығын ырықтандыру туралы хабардар ете отырып, Тамара Дүйсенова икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту және реттеу қазіргі уақытта әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда іс жүзінде қорғалмаған онлайн-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін баса атап өтті.
Кездесу барысында Тамара Дүйсенова Ақмола облысының белсенді жастары қойған барлық сұрақтарға жауап берді.