«Coca-Cola» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған «Coca-Cola белестері» жобасы аясында он жылда 60 мыңнан астам әйел бизнеске үйренді, 100 аса әйел грант алып, өз ісін дөңгелетіп, жұмыс орнын ашуда. 


«Бұл жобасының мақсаты 2020 жылға дейін жер жүзінде 5 млн жұмыссыз жүрген әйелді жұмыспен қамту болатын. Біз оған 2013 жылы қатыстық. Осы жобада ауыл әйелдеріне басымдық берілген. Себебі, әйелдердің жартысы ауылда тұрады. Қаланың әйелдеріне қарағанда олардың ақпаратқа қол жеткізуі қиын. Сондай-ақ бүгінгі күні ауыл әйелдерінің әлеуеті әлі толық ашылмаған немесе тиімді, ұтымды пайдаланылмай отыр. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, олар дамыған елдерде жұмыс істейтін әйелдердің 43%-ды құраса, бізде 47%. Үшіншіден, ауылдағы әйелдердің жұмысы қиын. Оларға жаңа технология, жасыл технология жетіп жатқан жоқ. Сондықтан аталған жоба көп мәселені шешуге көмектесіп отыр», - деді спикер. 


Оның айтуынша, жоба аясында әйелдер бизнес негіздерін, бизнес жоспарлар жазуды үйренеді, өз ісін ашуға грант түрінде қаржылық көмек ала алады. Ал үздік бизнес идеялар басқа әйелдерге таныстырылады. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап облыстық және республикалық деңгейлерде форумдар ұйымдастырылады.  


Осы жылдар ішінде табысты, күшті бәсекеге қабілетті әйелдер командасы құрылып, қыз-келіншектердің тарихы жинақталып, «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері»/«100 истории успеха» атты төрт кітап шығарылды.