Негізгі баяндамашылар ретінде Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Жозеп Боррелл, Орталық Азия елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының жоғары лауазымды өкілдері – Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо және Еуропалық инвестициялық банкінің вице-президенті Тереза Червинская сөз сөйледі.
Конференцияның мақсаты – 2021 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылған Global Gateway еуропалық стратегиясына сәйкес тұрақты байланысқа қол жеткізу үшін ішкі және өңіраралық диалогты дамыту, сондай-ақ Орталық Азия бойынша Team Europe ынтымақтастық бастамаларын таныстыру.
Іс-шара барысында делегациялар көлік бағыттарын әртараптандыру, цифрландыру, сондай-ақ жасыл энергетикалық даму салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.
«2022 жылы ҚХР мен ЕО арасындағы Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдар 84%-ға өсті, ал Қазақстанның өз экспорты 3,6 есе өсті», - деді М. Тілеуберді.
Іс-шара аясында конференцияның күн тәртібіндегі үш тақырып бойынша жеке панельдік сессиялар өтті. Көліктік өзара байланыс жөніндегі панельдік сессияға Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты.
Сонымен қатар, конференция шеңберінде ҚР СІМ басшысы Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Владимир Норовпен, ГФР Экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Нильс Анненмен және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидпен бірқатар бөлек екіжақты кездесулер өткізді.
Келіссөздерде саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалы және оны одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл талқыланды. Сұхбаттастар Орталық Азия елдерінің еуропалық серіктестермен өзара байланысын нығайтудың өзектілігіне және диалогты тереңдету қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Қазақстандық делегация бизнес-форум жұмысына да қатысты. Талқылау барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің, сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банкінің басшылары Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің аумағында жасыл энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, экология және қоршаған ортаны қорғау сияқты секторлардағы жобаларды қаржыландыруға одан әрі мүдделілігін растады.