Оның айтуынша, жалпы Қазақстандағы президенттік сайлауды байқауға көптеген шетелдік бақылаушы қызығушылық танытып, белсенді қатысып жатыр. 10 халықаралық ұйым мен 35 шет мемлекеттен аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны 641 адамды құрады. Сонымен қатар сайлауға 264 шетелдік журналист қатысуда.  

«Шетелде жүрген ҚР азаматтарының конституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында ҚР шет елдердегі мекемелерінің жанынан 53 шет мемлекетте тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 12 841 адамнан тұратын 68 учаскелік сайлау комиссиясы құрылды. Бүгінгі күні сағат 19.00-дегі жағдай бойынша Корея Республикасы, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Тайланд, Индонезия сияқты елдердегі 10 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын аяқтады және 7400-ге жуық Қазақстан азаматы дауыс берді, бұл тіркелген сайлаушылардың 57,5%-ын құрайды. 57 учаске жұмысын жалғастыруда және 1 учаске әлі ашылған жоқ - бұл Сан-Францискодағы учаске. Сондай-ақ 17-21 қараша аралығында Астана және Алматы қалаларында халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне қолғабыс көрсету орталықтары ашылды. Бұл орталықтар барлық қажетті техникалық қондырғылармен жабдықталған және сайлауды бақылау үшін Қазақстанға келген халықаралық байқаушылар мен шетелдік журналистердің жұмыс алаңы болып табылады. Олар брифингтер мен баспасөз конференциялары форматында өз ой-пікірлерімен бөлісе алады. 20-21 қараша аралығында осы орталықтар алаңдарында ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ТМҰ, ҰҚШҰ ПА, ТүркПА, ТМД және т.б. халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 20-ға жуық брифинг өткізіледі», - деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының өкілі.