Оның айтуынша, бүгін сайлау процесіне қатысушылардың барлығының заңнама талаптарының және азаматтарының сайлау құқықтарының мүлтіксіз сақталуы мәселелері прокуратура органдары жұмысының басты бағыты болды. 


«Дауыс беру басталғалы прокуратура органдарына 3 өтініш келіп түсті. Астана қаласында -1 , Ақмола және Ақтөбе облыстарында - 1. Бас прокуратураға келіп түскен өтініш ІІМ-ге жолданды, себебі онда өтініш иесі жариялы түрде ұлттық алауыздық қоздыру фактісі бойынша шара қолдануды сұраған. Екінші өтініш Көкшетау қаласының тұрғынынан дауыс беру тәртібін түсіндіру жөнінде Ақмола облысының прокуратурасына келіп түсті. Өтініш қарау үшін Көкшетау қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жолданды. Тағы бір өтініш Ақтөбе қаласы Астана ауданының прокуратурасына «Ұлт тағдыры» ҚБ байқаушысы Дияровтан келіп түсті. Онда ол №64 сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайдан негізсіз шығарылғанын көрсеткен. Бұл өтініш мәні бойынша қарау үшін Ақтөбе қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жолданды. Соттарға бүгін сайлау мәселелері бойынша екі талап-арыз келіп түсті. Атап айтқанда, Жоғарғы сотқа Алматы қаласының тұрғынынан кезектен тыс сайлауды тағайындауға және өткізуге қатысты талап-арыз келіп түсті. Екінші талап-арыз «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының өкілі Реймерден байқаушы Қизаевты сайлау учаскесінен шығарып жіберу жөніндегі іс-қимылдарды заңсыз деп тану туралы Астана қаласының №375 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасына қатысты Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына келіп түсті. Бұл талап-арыз соттың өндірісінде, шешім әлі қабылданған жоқ. Жалпы, сайлау науқаны және тікелей дауыс беру процесі тыныш жағдайда өтті. Азаматтардың дауыс беру құқығын тікелей іске асыруға кедергі жасау туралы шағымдар мен өтініштер түскен жоқ», - деді БП өкілі.  


ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиевтің айтуынша, сайлау учаскелерінің көп бөлігі өз жұмысын аяқтады. Комиссиялар дауыстарды есептеуді бастады.  


«Полиция өз жұмысын күшейтілген түрде атқаруды жалғастыруда. Олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, бюллетеньдерді және хаттамаларды аудандық, облыстық сайлау комиссияларына жеткізу кезінде олардың сақталуын қамтамасыз етуге де жұмылдырылған. Еліміздің өңірлеріндегі комиссия төрағалары полиция қызметкерлеріне құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу үшін сайлау болып жатқан орындарға 18 рет шақырылған. Одан бөлек осы сағатта жиналған құжаттар негізінде заңсыз митингілер ұйымдастыру және оған қатысуға шақыру әрекеттері үшін сот органдары 4 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты және 15 адамға толтырылған әкімшілік хаттама сотқа жолданды. Бұл азаматтарға жергілікті атқарушы және прокуратура органдары акциялардың заңсыз екендігі және оларды тоқтату қажеттігі туралы бірнеше рет ескертілген, жалпы осы сағатта ел аумағындағы ахуал тұрақты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс жалғасады», - деді ведомство өкілі.