Кездесуде Марат Ахметжанов жиналғандарды аймақтағы криминогендік жағдаймен таныстырды. Ол полицейлердің назарын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең проблемалық мәселелерге аударды. Мәселен, облыста жол-көлік оқиғаларының саны артқан. 

– Қазір жүргізушілердің тәртібін арттыру үшін жол жүрісі қағидаларын бұзуды автоматты түрде тіркейтін камералар қолданылады. Олар өз тиімділігін көрсетуде. Алайда облыста осындай 43 құрылғы ғана орнатылған. Бұл жеткіліксіз екені анық. Апаттың көбеюіне тағы бір себеп – жол инфрақұрылымының төмендігі. Бүгінде облыс бойынша 1700 жол белгісі, қиылыстарда 53 бағдаршам, 4800 км жол таңбасы, 56 км жасанды жарықтандыру орнату қажет. Облыс әкімдігінен осы мәселелерді белсенді түрде шешуді сұраймын, – деді министр кездесуде.

Сонымен қатар ведомство басшысы полиция мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылының оң үлгісін атап өтті. Мысалы, Тайынша ауданының Теңдік ауылы мен Есіл ауданының Қарағай ауылында тұрғындар алкогольден бас тартқан, ондағы дүкендерде спирттік ішімдіктер сатылмайды. Әкім мен учаскелік полиция қызметкерлерінің белсенді, бірлескен жұмысының арқасында бұл жерлерде ешқандай қылмыс орын алмаған, нашақорлар мен есепке алынған адамдар жоқ. Ал Мамлют және Қызылжар аудандарында жергілікті биліктің арқасында тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттері салынып, бейнекамералар орнатылған.

– Қазір серіктестік директоры мен ауыл әкімдері залда. Осыған байланысты мен оларға полициямен бірге құқықтық тәртіпті сақтау бойынша ашық және жемісті жұмыс жасағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді Марат Ахметжанов.