Оның айтуынша, миссия мүшелері өз қызметінде ШЫҰ СІМ Кеңесінің 2006 жылғы шешімімен бекітілген «Президенттік немесе парламенттік сайлаудағы, сондай-ақ референдумдардағы ШЫҰ байқаушылар миссиясы туралы» ережені басшылыққа алған. Миссияның барлық мүшелері саяси объективтілік, бейтараптық, әділеттілік, сайлау процесіне қатысушыларға қатысты қандай да бір алалаушылық пен артықшылық білдіруден бас тарту қағидаты негізінде дербес, тәуелсіз қызмет атқарды. 


ШЫҰ байқылаушылары ОСК және өңірлік комиссиялардың өкілдерімен, қоғамдық және халықаралық байқаушылармен кездесті. 


«Осы кездесулер мен әңгімелесулердің қорытындысы бойынша миссия мүшелері осы саяси оқиғаны дайындау және өткізу бойынша ОСК жүргізіп жатқан жұмыстармен, оның ішінде сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіптік оқуын ұйымдастырумен егжей-тегжейлі танысты. Дауыс беру күні миссия мүшелері бақылау жүргізіп, жергілікті жерлерде дауыс беру жәшіктерін және барлық басқа жабдықтарды дайындау, пломбалау барысына қатысты. Сондай-ақ біз барлық сайлау комиссияларының қызметкерлерімен, әлеуметтік бақылаушылармен, сайлаушылармен кең және еркін әңгімелестік. Миссияның әрбір мүшесі дауыс беру учаскесін өз бетінше таңдады. Бұл ретте сайлауды дайындау мен өткізу тәртіпті жүргізіліп, жақсы ұйымдастырылғанын атап өткіміз келеді. Бәрі тыныш өтті. Барлық сайлаушылар белсенділік танытты. Сонымен қатар жергілікті жерлерде дауыс беру рәсімін жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар мен қарт азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Комиссия мүшелері сайлаушылардың сұрақтарына ықыласпен жауап берді, сондай-ақ байқаушылар тарапынан туындаған мәселелер бойынша түсініктемелер берді, қатысушыларға, қоғамдық және халықаралық байқаушыларға көңіл бөлді. Барлық сайлау учаскелерінде бақылау барысында ешқандай кедергілерге тап болған жоқпыз. Сондықтан Қазақстан сайлау кезінде бақылауды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасады деп айтуға болады. Сондай-ақ бұл осы сайлаудың ашық өткендігінің белгісі. Миссия мүшелерінің барлығы жеке бақылаулар негізінде осындай қорытындыға келді. Миссия сайлаудың легитимділігіне күмән келтіретін ұлттық заңнама нормаларын бұзу жағдайларын тіркеген жоқ. Ешқандай шағымдар немесе ескертулер түскен жоқ.  Жеке бақылауларға сүйене отырып, миссия өткен сайлауды ашық, демократиялық, сенімді деп таниды. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы ҚР сайлау заңнамасының талаптарына және қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес болды», - деді Чжан мырза. 


Сондай-ақ ол елімізге қолғабыс көрсеткені үшін алғысын білдірді. 


Айта кетейік, байқау миссиясымен Қазақстанға ШЫҰ-ға мүше жеті мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, сайлау органдарының, сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін органдар - Хатшылық пен РАТС-тан 18 өкіл аккредиттелді. Олар төрт топқа бөлініп, Астана мен Ақмола облысындағы 22 сайлау учаскесіне барды.