ТүркПА байқаушылары миссиясының басшысы Ерол Кая Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің мүшесі Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізбес бұрын қазақстандықтардың референдумға белсенді қатысып, соның нәтижесінде елде саяси реформалар іске асырыла бастағанын еске салды. 


Кая әріптестерімен бірге Астана мен Алматыдағы бірқатар учаскелерде болды. Ол сайлау учаскелеріндегі жауапты тұлғалардың ұлттық және халықаралық байқаушылардың жұмысына жәрдемдесуге дайын екендігін атап өтті.

«Біз сайлау учаскелері ашылғаннан бастап, дауыстарды санауға дейін процесті бақыладық. Сайлау кезінде сайлау учаскелерінде болдық, жергілікті бақылаушылармен сөйлестік, толық ақпарат алдық. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы сайлау күні бізге жаңартылған ақпарат берді. Сайлау кезінде бәрі өте тыныш болды. Біз Қазақстан Республикасындағы сайлау барысына оң баға береміз. Біздің делегация сайлаудың жоғары кәсіби деңгейде өткенін көрді. Барлық органдар сайлауға дайын, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалды. Сайлау ҚР ұлттық заңнамасына және сайлау өткізудің халықаралық стандарттарына сәйкес өтті», - деп түйіндеді спикер. 


Миссияның тағы бір байқаушысы Нұржігіт Қадырбеков, Қырғызстан Республикасының Жогорку Кенеш мүшесі елімізге саяси тұрақтылық тіледі.

«Біз кеше бірнеше сайлау учаскелерінде болдық. Бюллетеньдерге алғаш рет «Бәріне қарсы» деп жазылғанын көрдік. «Сайлау» дегеніміз не? Бұл әр адамға таңдау берілетін жағдай! Сайлаушылар таңертеңнен келіп жатты. Қазақстандық сайлау жақсы өтті деп ойлаймыз. Бұл сайлау Қазақстанның өркендеуіне үлес қосады деп сенемін. Бауырлас ел болғандықтан біз әрқашан сіздердің жетістіктеріңізге қуанамыз. Бұл елде саяси тұрақтылық болады деп үміттенеміз», - деді спикер.