Оның айтуынша, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары, сондай-ақ босаған жұмыс орындарына тарту бағдарламалары да іске асырылып жатыр. 


«Осы бағыттағы жобаларды іске асыру барысында жергілікті жұмыспен қамту органдарының ықпалдастығы аясында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 764,8 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Нақтырақ айтқанда, 230 мыңға жуық адам елімізде жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалар аясында жұмыспен қамтылды, оның ішінде 182,9 мыңы - мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бағытында 181 мыңға жуық шағын және орта кәсіпорындарда 261 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ 273,5 мыңнан астам адам әртүрлі кәсіпорындар мен ұйымдарға бос жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік алды. Жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі, яғни 185 мыңға жуығы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ұлттық жоба аясында ашылды. Сонымен қатар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 15 мыңға жуық жұмыс орны, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 10 мыңнан астам, «Білімді ұлт - сапалы білім беру» – 7,8 мыңға жуық, «Жасыл Қазақстан» – 3,7 мың, «Ұлттық рухани жаңғыру» – 3,3 мың, «Тұрақты экономикалық даму» – 3,3 мың, «Дені сау ұлт» – 790 адам жұмысқа орналастырылды. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында 641 адамды жұмыспен қамту мүмкін болды. Жалпы бұл биылға жоспарланған жұмыс орындарының 85,5% құрайтынын атап өткен жөн», - деді спикер.


Вице-министр жұмыс орындарын ашу жұмыстарының тиісті деңгейде атқарылуына кәсіпкерлікті дамыту, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»  және  «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» сияқты ұлттық жобаларды табысты жүзеге асыру септігін тигізгенін атап өтті.