Маңғыстау облысында балалар санының өсуі соңғы жылдары Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті. Үш ауысымды білім беру жағдайы өңірдің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

- Статистикаға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында соңғы бес жылда оқушылар саны 46 мыңға артқан, өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 8,5 мыңға көбейді, – деді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.

Оның айтуынша, өңірде жыл сайын жаңа оқу орындарының саны артып келеді, бірақ үш ауысымды мектептер мәселесі өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Маңғыстауда үш ауысымды оқытатын 17 мектеп болса, апатты жағдайда 2 мектеп бар.

Соңғы үш жылда Маңғыстау өңірінде 5760 орындық 79 балабақша мен жеті мектеп пайдалануға берілді.

– Биыл 2 мектеп (Ақтау шағын ауданында 1200 орындық 31, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында 600 орындық мектеп) және Бейнеу ауданында Күйкен атындағы мектепке 312 орындық мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Бейнеу ауданындаАтамекен атынжағы мектепте тағы бір 312 орынға арналған қосымша ғимарат берілді. Мектептерде пәндік кабинеттер, оның ішінде информатика, технология және т.б. кабинеттер бар, сондай-ақ қазіргі уақытта 4800 орындық төрт мектептің құрылысы жүргізілуде және «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 625 орындық 3 мектепке 3 қосымша құрылыс салынуда, – деп атап өтті Динара Жұмашева.

«Жайлы мектеп» жобасын іске асыру арқылы жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік болады. Жаңа жайлы мектептердің қазіргі салынып жатқан мектептерден тұжырымдамалық айырмашылықтары бірыңғай құрылыс стандартын сақтау, пәндік кабинеттермен және зертханалармен толық жарақтандыру, 1-4 сынып оқушылары мен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, спорт залдарының саны оқушылар санын ескере отырып есептелетін болады, спорт залдары 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналастырылатын болады, әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қамтылмақ.