«Адамдарда «неге осы екі тұрғын үй кешенінде ұзақ тұрып қалды?» деген сұрақ туындайды. Түсіндіріп өтейін: басқа үйлерге қарағанда осы екі тұрғын үй кешенінде батареялар толығымен қатып қалған. Су ағызылмаған және осы кешендердің құбырлары мен батареяларында қалған. Осыған байланысты, әр қабатта әр пәтерде құбырлар мен батареяларды ауыстырдық. Қазір алты кіреберісте жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін 28 тұрғын үйді сумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша жұмыс жалғасты. Сегіз үйде іске қостық, су құбырын жібіттік. Бұрын үйлерде жылу болмағандықтан мұндай жұмыстармен жаппай айналыса алмадық», - деді спикер.  


Сонымен қатар жылу желісін аралау кезінде 5А шағын ауданының Мәшһүр Жүсіп көшесінде диаметрі 426 миллиметрлік жылу желісінің бұзылуы анықталды. 


«Штаб басшысы – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жоғарғы жағында диаметрі 426 мм болатын 120 метрлік трассаны айналып өтіп, сыртқы жылу желісін салу туралы техникалық шешім қабылдады. Егер біз ескі трассада жерастынан жөндеу жұмыстарын жүргізсек, онда шамамен 20 сағат қажет болады, яғни шағын ауданды осы уақытқа жылусыз қалдыру керек. Қазір біз дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы түнде жылу желісін қайта қосу басталады. 5 сағат ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Екібастұз әкімі Аян Бейсекин. 


Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. Түнде жылу желісін орнату және қайта қосу басталады. Жағдай сағат сайын бақыланады. Жалпы, 2500 регистр орнатылды. Қоймада 4400 бірлік қалды.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы барлық ақпаратты облыс әкімдігінің сайтынан оқуға болады. Кестеде сыртқы жылу желілерінің, сумен жабдықтаудың, ішкі желінің, кәріздің, жылу желілерінің жағдайы нақты көрсетілген.