«Атап айтқанда, теміржол вагондарын бергені үшін пара алу фактілері расталды. ҚТЖ айына орта есеппен 400 мыңға жуық жүк тиелген вагон беретінін ескерсек, заңсыз сыйақы сомасы бірнеше млрд теңгеге жетуі мүмкін. Алдын ала тергеу органдары өз жұмысын бастады, ол қолданыстағы заң аясында жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар біз жыл бойы көліктік бақылау саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін факторларды талдадық. Саланы автоматтандырудың жеткіліксіздігі, бюджетті жоспарлаудың жетілдірілмеуі, бизнес-процестерді нормативтік реттеудің жеткіліксіздігі жағдайлары анықталды. Нәтижесінде 100-ге жуық ұсыным әзірленді, олар қазір Үкіметтің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің уәкілетті органдарының қарауында.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін сыртқы талдау циклі аяқталды. Олардың мақсаттары әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған, бірақ корпорациялардың қызметі әкімдіктен жер учаскелерін алуға бағытталған кезде жекелеген фактілер анықталды, олар кейіннен бизнес субъектілеріне тұрғын үйлер, мейрамханалар, автокөлік жуу орындары және басқа да объектілер салу үшін берілген. Активтерді тиімсіз пайдалану үлестес тұлғаларға активтерді сату арқылы мемлекетке 6 млрд теңге сомасында залал келтіруге әкеп соқтырды. Өңірлердегі бұл фактілер анықталып, одан әрі шаралар қабылдау үшін үкімет басшылығына жолданды», - деді спикер.
Сондай-ақ Ахметжанов сыбайлас жемқорлық превенциясы ел қызметінің барлық салаларында болып жатқан процестердің ағымдағы мониторингі шараларына негізделгенін еске салды. Алдағы уақытта да осы мониторинг негізінде, халықтың, шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің өтініштерін талдау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бірлескен сыртқы талдау негізінде осы жағдайлардың алдын алу және оларға жол бермеу жөнінде шаралар қабылданады.