Ресми ашылу рәсіміне ЕҰУ-нің ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберді Қожобеков, Қазақстан Республикасының Ош қаласындағы консулы Мұхтар Кәрібай, оқытушылар мен студенттер қатысты.

«ЕҰУ филиалының ашылуы біздің елдер арасындағы достық пен тату көршіліктің, білім және ғылыммен қатар барлық салада ынтымақтастықты арттыруға өзара ұмтылыстың арқасында мүмкін болып отыр. Кадрларды доғары сапада даярлау, нәтижелі ғылым, бәсекеге қабілетті патриот жастар бауырлас халықтарымыздың, жалпы өңірдің болашағы үшін университеттердің елеулі үлесі айнала алады. Филиал Қазақстан мен Қырғызстанның ең дарынды студенттері мен ғалымдарын тартады деп үміттенемін», – деп атап өтті ЕҰУ проректоры Жанна Құрманғалиева.

Бүгінде ЕҰУ филиалында 30-ға жуық студент білім алуда. Олар ағашқы екі курсты Ош қаласында, кейінгі екі жылда Қазақстанда таңдаған кәсіптерін меңгереді. Оқу бағдарламасы аясында қырғыз жастары қазақ тілін меңгеруде.

ЕҰУ ғылыми-білім беру жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалар, бірлескен білім беру бағдарламалары, шетелдік мамандарды тарту бойынша қырғыз әріптестерімен бірлесе белсенді жұмыс жүргізеді.

Биылғы оқу жылында университеттің «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қырғызстаннан 46 студент білім алуда.

Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлем бойынша 12 орталығы мен өкілдігі бар. Сондай-ақ ұлттық университет 450-ден астам жетекші шетелдік университеттермен халықаралық ынтымақтастық орнатқан.