Тараптар құжатты «Цифрлық сауданың жаһандық көрмесі» (Global digital Trade Expo) форумының алаңында онлайн-режимде қолтаңбалармен бекітті. Қол қою рәсімі кезінде ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға ҚР ҚХР-дағы Елшілігінің атташесі Уахап Кабигужен де қатысты.

Меморандумның негізгі мақсаты - жеткізушілерге қазақстандық өнімді Қытай аумағына экспорттауға жәрдемдесуге бағытталған Қытайға экспорттау жобасын іске асыру саласындағы ынтымақтастық.

Жоба аясында Қытайға экспорттау үшін қазақстандық тауарларды сатып алу ұйымдастырылуда. Отандық өнім Alibaba Group арналары арқылы одан әрі тарату үшін тікелей сатып алынатын болады. Жобаға қатысу Alibaba Group-пен тікелей жеткізуші ретінде ұзақ мерзімді ынтымақтастық мүмкіндігін береді, экспорттаушылар Alibaba Group арналары арқылы Қытай нарығына қол жеткізе алады және Қытайдағы экспорттық сатылымдарды арттыра алады.

Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде оралған ұн мен өсімдік майы, кейіннен – қазақстандық өндірістің басқа да тауарлары сатып алынатын болады.