ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Талсуат ауылындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығында болып, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен және ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізді. ЕХӘҚМ басшысы балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

Тамара Дүйсенова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеуді аяқтағанын хабарлап, ол құжатта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында халықты әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар көрсетілген.   

«Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеу барысында сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінен 1000-нан аса ұсыныс жиналып, 50-ден астам заң мен 200 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер зерттелді. Әлеуметтік кодекс қабылданғаннан кейін 80-нен аса заңға өзгертулер енгізіліп, 10 заң күшін жоятын болады. Әлеуметтік кодекс азаматтарды өмір бойы сүйемелдеп, әлеуметтік қауіп туындаған сәтте мемлекет тарапынан қажетті көмекті көрсетіп тұрады. Бұл ретте қазақстандық отбасылардың жағдайын жақсарту мақсатында азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан негізгі жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылады», - деді министр.

Министр Әлеуметтік кодексті жүзеге асырудың бір құралы ретінде а.ж. 1 қыркүйегінде пилоттық режимді іске қосылған Отбасының цифрлық картасын атап өтті. Ол азаматтарға мемлекеттік органдардан өтінімдерін күтпей, проактивті форматта көмек көрсетеді. Іске қосу кезінен бері 51 мыңнан аса адам проактивті түрде мемлекеттік қызметтерді алуға SMS алды. Бұл ретте 11,7 мың адам өтінішсіз жәрдемақы мен төлемдерді алу қызметін қолданды.

ЕХӘҚМ басшысы Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру аясында балалы отбасыларды мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұлғайту арқылы қолдау шараларын күшейту жоспарланып отырғанын атап өтті. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір жарым жасқа дейін бала күтіміне, наградталған аналарға жердемақы ұлғаяды. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа дейін Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 %-нан жинақ аударылып тұрады.

Тамара Дүйсенова әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден қызмет алушылар тұратын жерлерде орналасқан шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге көшу жолымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен жүзеге асырылатынын хабарлады.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызметке арнайы қызмет алушылардың отбасыларындағы жұмыссыз мүшелерін тарту жоспарлануда. Оларға тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде тіркелу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап олардың осындай қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдылары, қабілеті мен біліктілігінің болуы қажет.

«Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс жобасында жалпы тарифтердің орнына АӘҚ-ні жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидатын енгізу көзделіп отыр. Тариф белгілеудің жаңа жүйесі арнайы қызмет көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы норматив пен өтемдік техникалық құралдарды жеткізетін ұйымдар үшін шекті бағаларды көздейтін болады», – деді Тамара Дүйсенова.

Ол сондай-ақ қызметтердің сапасын арттыру және мүгедектік тобын белгілеу және оңалтудың техникалық құралдары мен АӘҚ ұсыну мәселелерінде адами факторды төмендету мақсатында медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуді енгізу және әлеуметтік қызметтер порталын дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатынын айтты.

Әңгіме барысында Еңбекминінің басшысы қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру басталады. Бұл ретте жыл сайынғы өсім шамамен 13%-ды құрайды және барлық 2,2 млн зейнеткерге қатысты болады. Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылатын болады, бұл зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді. Жалпы, жаңа шаралар пакеті 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді», – деді Тамара Дүйсенова.

Кездесу барысында Министр халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат және Қазақстанның жаңа көші-қон саясаты туралы айтты.