Азаматтар аталған гранттарды алу бойынша Кәсіпкерлік және сауда басқармасында, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасында кеңес ала алады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков атап өткендей, биылғы жылы «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан.

– Биыл «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2 мыңнан астам адам оқытылды. Келесі жылы жастарды қолдауға арналған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру аясында 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. Жұмыспен қамтумен қатар, жастардың өзін-өзі дамытып, біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінуде, - деді Батырхан Қуанышбеков.

Өңір басшысы жастарды ынталандыру, білім және денсаулық сақтау салаларына жас мамандарды тарту үшін оларға жеңілдетілген баспана түрінде қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.