Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын әзірледі. 

Қазіргі уақытта өңір ауылдарында 307 медициналық ұйым медициналық көмек көрсетуде, бұл объектілердің тозуы 54%-ды құрайды.

Ұлттық жоба шеңберінде Павлодар облысының 11 ауданының ауылдық елді мекендерінде 30 амбулаториялық-емханалық көмек объектілерінің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 23 – медициналық пункт, 5 – фельдшерлік-акушерлік пункт және 2 – дәрігерлік амбулатория.

Вице-министр соңғы екі жылда медициналық көмек көлемін ұлғайтуға қол жеткізілгенін, атап айтқанда консультациялық-диагностикалық қызметтер санының 1,5 есеге ұлғайғанын, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығыстарын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ол 20 қазаннан бастап елде ең жиі кездесетін инфекциялық емес ауруларды анықтау мақсатында ауыл тұрғындарын профилактикалық қарап-тексеруден өткізу бойынша ауқымды науқан басталғанын еске салды.

В.Дудниктің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындарына профилактикалық қарап-тексерулер (скринингтер) жүргізу тәсілдерін қайта қарады. Бұрын профилактикалық қарап-тексерулер жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, глаукоманы, қант диабетін, онкологиялық ауруларды, мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін жүргізілген. Инновациялар егде жастағы адамдардың асқазан-ішек жолдарының, несеп шығару жүйесінің,  тыныс алу ағзаларының және қуықасты обырының ауруларын ерте анықтауға арналған зерттеп-қараулар тізбесін кеңейту, сондай-ақ 18 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды скринингтермен қамту болды.

2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды.  Осы бағдарламаның шеңберінде 2021 жылы Павлодар облысында 290 квота бөлінді, 112 әйелде жүкті болып, 105 отбасы балалы болды. 2022 жылы ЭКҰ-ға 281 квота бөлінді.

Кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне келер болсақ, ол бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 78 мың дәрігер, оның ішінде Павлодар облысында 2 мың дәрігер жұмыс істейтінін хабарлады. Өңірде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 150 маманды құрайды.

Биылғы жылы медициналық ЖОО-ның 2980 түлегі еліміздің өңірлеріне, оның ішінде Павлодар облысында 112 түлек, оның 17-сі ауылға жіберілді, деп хабарлады В.Дудник.

Кездесу барысында өңір тұрғындары вице-министрге медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың нақты шараларына, баланы шетелде емдеу үшін квота алу мүмкіндігіне, медициналық емес қызметкерлердің жалақысына қатысты бірқатар сұрақтар қойды.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Павлодар облысында әлеуметтік қолдау шаралары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаражатынан көрсетіледі. Ол осы жылы ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандар үшін 100 АЕК немесе 318 000 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу көзделетінін, сондай-ақ республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК (4.770 000 теңге) мөлшерінде кредит берілетінін түсіндірді. Сыйақы мөлшерлемесі 0,001 % болатын бұл кредитті жалпы сомасы 260 221,5 теңгеге 58 маман пайдаланды.

Әрі қарай Вячеслав Дудник дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, балаларды оңалту орталықтарына жолдама беру, мүгедек балаларға стоматологиялық көмек көрсету, өңірдегі азаматтардың денсаулығына экологияның әсері туралы сұрақтармен жүгінген азаматтарды жеке қабылдады.

Вице-министр өңір тұрғынының әрбір өтінішіне толық түсініктеме беріп, бірқатар мәселелерді жеке бақылауға алып, ведомствоның бейінді департаменттеріне шешімдерді пысықтауды тапсырды.

Коммуникациялар қызметінің өңірлік алаңында Министрдің орынбасары жергілікті және республикалық БАҚ журналистерінің сұрақтарына жауап берді.
Павлодарлық журналистер вице-министрге коронавирус инфекциясының таралу жағдайларын тежеу, психо-неврологиялық және ақыл-ой кемістігі бар балаларға стоматологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізу мүмкіндігіне қатысты бірқатар сұрақтар қойды. 

Вячеслав Дудник БАҚ өкілдерінің әрбір сұрағы бойынша толық түсініктеме берді. Эпидемиологиялық жағдайға қатысты қазіргі уақытта ағымдағы жылдың қараша айының басынан сырқаттанушылықтың кезекті өсуі байқалып отырғанын, соңғы аптада сырқаттанушылық 20%-ға өскенін түсіндірді.

Вице-министр қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Қазақстан Республикасы мен барлық өңірлер жасыл аймақта екенін ескере отырып, бүгінгі таңда шектеу шараларын енгізу болжанбайтынын хабарлады.