Бәсекелестікті қалыптастыру бағытында аукционға радиожиіліктерді бөлу тәртібімен бекітілген талаптарға сәйкес келетін компаниялар қатыса алады. Бұл аукцион 5G технологиялары үшін  радиожиіліктерді таратудың ашық механизмін көрсетеді. Осындай іс-шаралардың өткізілуі елдегі телекоммуникалық желілердің дамуына серпін беретіні сөзсіз. Оған қоса, жаңа операторлар үшін бәсекелестік ортаның құрылуына мүмкіндік береді. 

«Бүгінгі таңда технологиялар қарқынды дамып келеді. Сондықтан әртүрлі экожүйелерді, қосымшаларды, қызметтерді жүйелендіру үшін сапалы инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Әрине, 5G технологиясын дамыту үшін бірнеше жылдар қажет. Алайда, осы уақыт ішінде трафиктер едәуір үлкен көлемде дамып, жаңа қызметтер пайда болады. Бүгін біз азаматтарымызға сапалы заманауи сервистерді ұсыну үшін, жаңа ұялы байланыс жүйесін енгізуді көздеп отырмыз»,- деп атап өтті ҚР  Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек.

Аукцион шарттары бойынша қатысушыда - кемінде алты облысты, республикалық маңызы бар қалаларды қамтитын телекоммуникалиялар мен ұялы байланыстың магистральдық желілері және мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс. Сондай-ақ, негізгі шарттарға сәйкес қатысушы компания таралу кезеңінде  немесе банкротқа ұшырау сатысында болмауы керек. Оған қоса, кепілдік жарнаны төлегені туралы құжаттарды ұсынуы қажет.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, C-band диапазонында 5G іске қосылуы 2030 жылы әлемдік ЖІӨ-нің 610 миллиард доллардан астам өсуіне әкеледі. 

2030 жылы Қазақстанда 5G іске қосылған жағдайда ЖІӨ үлесі 12% (ТМД) құрайды деп күтілуде.

5G артықшылығы:
● денсаулық сақтау мен білімге барлығына қол жетімділік
● қоғамдық қауіпсіздікті арттыру
● жауап беру жылдамдығын арттыру
● қауіпсіз жүргізу шарттары
● экологиялық жағдайды жақсарту.