Олжас Ордабаев өңірге жұмыс сапарын мүгедектігі бар адамдарға арналған Қостанай облыстық оңалту орталығына барудан бастады. Вице-министр медициналық-әлеуметтік мекеменің қызметімен танысып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында Олжас Ордабаев халықты әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар көзделген Әлеуметтік кодекстің жобасы туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін бір жарым жылға дейін ұзарту, наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жолымен балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту көзделген. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына аудару көзделген», – деді вице-министр.

Ол Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғыртуға ерекше назар аударды.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейту үшін ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден олардың алушылары тұратын жерлерде орналасқан шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге біртіндеп көшу жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, біз әлеуметтік қызметке арнайы әлеуметтік қызмет алушылардың (АӘҚ) жұмыспен қамтылмаған отбасы мүшелерін тартуды жоспарлап отырмыз. Оларға тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Тағы бір жаңалық – жалпы тарифтердің орнына арнайы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидатын енгізу көзделіп отыр. Тариф белгілеудің жаңа жүйесі арнайы қызмет көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы нормативтерді және өтемдік техникалық құралдарды беретін ұйымдар үшін шекті бағаларды көздейтін болады», – деді Олжас Ордабаев.

Жұмыс сапары барысында вице-министр өңірдің жастармен кездесу өткізіп, онда халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, несиелеу және көші-қон мәселелері туралы айтты.

«Бүгінде еңбек нарығының қарқынды дамуы байқалады. Жұмыспен қамтудың жаңа нысандарының пайда болуы, жастар есебінен жаңа жұмыс күшінің едәуір ағыны, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың болуы, мұның бәрі сайп келгенде заңнамалық базаны сапалы пысықтауды, тиісінше жаңа жұмыс орындарын құруды көздейтін елеулі қадамдар жасауды талап етеді. Ол үшін біз халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясатын іске асыруды жоспарлап отырмыз, ол еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдай жасайды. Атап айтқанда, жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейту, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту және реттеу, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тарту, ішкі көші-қонды реттеу, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға трансформациялау және қызметтерді ауқымды цифрландыру көзделеді», – деп хабарлады Олжас Ордабаев.

Вице-министр сондай-ақ кездесуге қатысушыларды кәсіби дағдыларды, оның ішінде өз бетінше алған дағдыларды, сондай-ақ формалды емес және информалды білім беру нәтижелерін тану шарттарын заңнамалық деңгейде алдағы уақытта бекіту туралы хабардар етті. Бұл қазақстандықтар үшін жұмыс іздеуде жаңа перспективалар ашады, сондай-ақ азаматтарды біліктілігін арттыруға ынталандыратын болады.

Сонымен қатар, Олжас Ордабаев кәсіби бағдар мен дағдыларды игеруден бастап, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі жұмыспен қамту қызметтерінің супермаркетіне айналған Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең ауқымы туралы айтты.

«Бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа жұмыс іздеуге де, жұмысшыларды іздеуге де арналған бірыңғай алаңға айналды. Сонымен қатар, сіз өзіңіздің өңірден ғана емес, бүкіл республикадан лайықты жұмыс іздей аласыз. Сондай-ақ, Электрондық еңбек биржасында таңдалған бағыт бойынша онлайн курстардан өту арқылы жаңа кәсіби дағдыларды үйренуге және өз ісін дамыту үшін грант алуға өтініш беруге болады», – деді ол.