ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов атап өткендей, Қорғаныс министрлігінің функцияларын негізге ала отырып, Қарулы Күштерді цифрландыру міндеттері үш блокқа бөлінді.  


«Оларға Қарулы Күштерді жасақтау және жұмылдыру әзірлігі процесі, жауынгерлік даярлау және әскерді жауынгерлік басқару процесі кіреді. Бірінші блоктың міндеттері мерзімді қызметке шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау рәсімін жүз пайыз цифрландыру, Армияны жарақтандыру қызметін цифрландыру болып табылады. Екінші блок барлық процесті цифрлық форматқа ауыстыру арқылы Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған. Үшінші блок әскерді жауынгерлік қолдануды цифрландыруға бағытталған», - деді спикер. 


Қарулы Күштерде әскери қызметшілерге және өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге ерекше назар аударылады. Қорғаныс министрлігі Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру қағидаларын әзірледі, олар Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы жылғы 24 тамыздағы қаулысымен бекітілген. Қорғаныс, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрлерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» кешенді әскери-патриоттық бағдарламасы дайындалып, іске асырылуда.

 
Мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуетті ведомстволармен бірлесіп, 2025 жылға дейін Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда идеологиялық жұмыс жоспары әзірленіп, бекітілді.