Осы жылы астық экспортындағы шектеулердің алынып тасталуы мен нарықта жұмыс істейтін түрлі компаниялар ұсынатын вагондардың жалға алу мөлшерінің айырмашылығынан уақытша кептеліс пен дүрбелең байқалғаны рас. Себебі астық жөнелтушілер мен вагон иелері арасындағы іскерлік байланыс темір жол әкімшілігінің қатысуынсыз реттеледі. Бұл ретте аталған мәселені нарық қатысушылары өзара шешкенін айта кетейік.

Қазір Қазақстанның астық тасымалдаушыларына арналған техникалық парк 10,5 мыңнан асады. Оның ішінде тасымалдау қызметін ұсынатын «Астық Транс» АҚ-на (жекеменшік компания) 4 750 вагон тиесілі. Жылжымалы құрамның бұл мөлшері жүк жөнелтушілердің қазіргі сұранысын толық көлемде қамтамасыз етуге қауқарлы. Осы орайда «Астық транс» компаниясы еліміздің ішкі нарығындағы астық тасымалдау қызметін 98%-ға қамтып келе жатқанын атап өткен абзал.

Вагондарды тартып, тазалау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 130-ға жуық маневрлі локомотиві мен жекеменшіктегі 767 локомотив жұмылдырылған. Аталған нарық толығымен ырықтандырылып, бәсекелестік ортаға берілгенін айта кеткен орынды.

Теміржол арқылы тасымалдау тарифтеріне тоқталсақ, шойын жолмен жүктерді жеткізуге байланысты тариф келесідей тәртіппен қалыптасады. Атап айтқанда, оның құны магистральды теміржол желісі (МЖС) мен локомотивті тарту (ЛТ), сондай-ақ жүк және коммерциялық жұмыстың (ЖК) қызметтеріне байланысты.

Жүк вагондарын жалдап, пайдалану қызметтерін ұсыну нарығында тарифтік және тарифтік емес реттеу құралдары қарастырылмағанын айта кету керек. Оны бәсекелестік ортада нарық өзі реттейді.