Заңға сәйкес алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалған. Осылайша, алғаш рет Әлемдік білім бәсекесінде топ жарған олимпиада жеңімпаздарына 73 млн теңгеден астам сомаға сыйлық табыс етілді.  


«Сонымен қатар алғаш рет халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100 аса жеңімпазы мен жүлдегеріне отандық жоғары оқу орындарына «конкурстан тыс» қабылдау үшін ерекше гранттар бөлінді. Балалар жылында алғаш рет жас спортшылардың халықаралық спорт жарыстарына қатысуына республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, оған 200-ден аса бала қатысып,  қазақстандық команда Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадада 86 медаль жеңіп алып, 70 елдің ішінде Бразилия, Франциядан кейін 3-ші орынды иеленді. Қазақстанда соңғы үш жылда 41 ІТ-мектеп ашылды, олар заманауи жабдықтармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Онда 55 мың оқушы оқиды. Былтырғы жылмен салыстырғанда олардың саны 3 мыңға артқан», - деді спикер. 


Оның мәліметінше, мамандандырылған мектептердің саны 134-ке дейін өсті, онда 72 мыңнан астам бала оқиды. Алғаш рет әлеуметтік осал топ оқушыларын қолдау мақсатында шыққан министрлік бұйрығы негізінде мамандандырылған мектептерге («БИЛ», «Дарын» және т.б.) түсу үшін осындай санатқа 15% квота бөлініп, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 421 бала алғаш рет дарынды балаларға арналған 71 мектепте талантты балалармен қатар оқу мүмкіндігіне ие болды.