Соңғы 4 жылда апат динамикасының төмендегеніне тоқталған ол 2022 жылдың қорытындысы бойынша 14 800 ЖКО болғанын атап өтті. 


Сонымен қатар қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде жүру ережелерін бұзу (27% ЖКО), қашықтықты (19%), жылдамдық режимдерін (16%) сақтамау да ЖКО-ларға себеп болады.  
И. Лепеханың айтуынша, жол инфрақұрылымының қанағаттанарлықсыз жай-күйі проблемаларын жүктемесі көп жолдарда қоршаулармен бөлінген бірнеше жолақты бағыттар ашу арқылы шешуге болады. 
Жол қозғалысына қолайлы жағдай жасап, ЖКО қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берген заманауи жолға мысал ретінде ІІМ министрінің орынбасары «Астана-Щучинск» тасжолын келтірді.

«Қайта жаңартуға дейін (2016 ж.) бұл учаскеде 140-қа дейін ЖКО болған, 75-ке жуық адам қайтыс болып, 160-тан астамы жарақат алатын. Өткен жылы ЖКО 3 есеге аз (46), көз жұмғандар 5 (12) және жараланғандар 2 есе аз (107) тіркелді», - деді спикер.


И. Лепеханың айтуынша, 6 мың шақырымнан астам екі жолақты жолдарды көп жолақты жолдарға ауыстыру қажет. 


«Ел бойынша барлығы 6 мың шақырымнан астам тротуар, 7 мың шақырым көше жарығы, 2 мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелін қосымша жабдықтау қажет. Бұл жергілікті билікке қатысты мәселелер», - деді спикер жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы жайлы айта келе. 


Сонымен қатар министрдің орынбасарының айтуынша, цифрлық технологиялар жол полицейлеріне жол қозғалысын бақылауға көмектеседі. Мысалы, автоматты тіркеу камераларының арқасында 4 млн-нан астам жол жүру ережелерін бұзу жағдайы, жүргізуші куәлігінен айырылған 3 мыңнан астам жүргізуші анықталды, «Қорғау» талдау бағдарламасының арқасында жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланудың 800-ге жуық фактісі белгілі болды.