«Оңтүстік» ӘКК арқылы пилоттық жоба шеңберінде жеңілдетілген кредиттеудің арқасында 2021-2022 жылдар ішінде өңірде 35 жоба іске қосылды – 21 сүт фермасы, 4 қой фермасы, 3 құс фабрикасы, 1 шошқа кешені, 1 майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорны, 2 жылыжай және 3 жерді суару жобасы. Кәсіпкерлерге кезең-кезеңімен жылдық 4% номиналды сыйақы мөлшерлемесімен 8 жылға дейінгі мерзімге 35 млрд теңге бөлінді. Басталған ауыл шаруашылығы жобаларының ауқымын түсінетін болсақ, 2020 жылға дейін бүкіл республика бойынша жыл сайын орта есеппен 2-3 тауарлы-сүт фермасы салынған. Ал бүгінде салынған сүт фермаларының арқасында СҚО-да шамамен 584 мың тонна немесе ел бойынша барлық сүттің 10,5%-ы өндіріледі.  Бұл ретте 584 мың тонна сүттің 208 мың тоннасын өңірдің ұйымдасқан шаруашылықтары өндіреді. Бұл республиканың жалпы көлемінің 15%-ға жуығы, ел бойынша 1-орын.

СҚО пилоттық жобасының оң тәжірибесін назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі бүкіл ел бойынша тәжірибені одан да тартымды жағдайларға дейін кеңейтуді ұсынды. Өйткені бүгінгі таңда мемлекеттің негізгі міндеті, ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай бизнес-таңғы аста атап өткендей, импортты алмастыруды қамтамасыз ету және елдің құс еті, сүт, көкөністерге деген қажеттілігін сапалы өнімдердің ішкі өндірісімен жабу болып табылады. Бұдан басқа, ауылда инвестициялық жобаларды іске асырудың оң әсері жаңа жұмыс орындарын құру болмақ.

Бүгінде өңірлердің әкімдіктері әлеуетті инвесторларды іріктеуде. Кейіннен мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерінен жұмыс топтары құрылатын болады, олар инвестициялық жобаларды таңдап, олардың іске асырылуын қадағалайтын болады. Талаптар өте жоғары: меншікті өндірістік және азық-түлік базасының болуы, қаржылық тұрақтылық, дамыған өндіріс және басқалар. Өз тарапынан жеңілдікті кредиттеу бағдарламасына қатысушылар өндірілетін өнімді өткізу бағасы бойынша қарсы міндеттемелерді өзіне алады.

«Осы бағдарламадан біз 100% қайтарымды, барлық қатысушы жобаларды табысты іске асыруды күтеміз. Қатысу үшін ірі бизнесті тартамыз, жобалар 1-2 жыл ішінде нәтиже беруі тиіс. Мемлекет өз тарапынан қаржы алудың қарапайым және күрделі емес әдісін, қайтару мерзімін ұзартуды және төмен пайыздық мөлшерлемені ұсынады. Сонымен бірге, өзара міндеттемелер бойынша біз көтерме және бөлшек сауда деңгейінде өнімдердің тұрақты бағасын күтеміз», — деді Серік Жұманғарин.