Бұған дейін Ақсу аудандық Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген Айдос Жұманов өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, сертификат алып шықты. Одан әрі бизнес жобасын қорғап, соның арқасында 1,2 млн теңгеден астам сома қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл қаражатқа жас кәсіпкер нан пісіретін пеш, қамыр илейтін машина мен нан қалыптарын сатып алған. Сөйтіп өткен жылдың мамыр айында кәсібін бастап, қазір Ақсу ауданының Сағакүрес елді мекенінде ауылдастарын бөлке нанмен қамтып отыр.

- Біздің ауылға нан дүкендерге сырт жақтан жеткізіледі. Қыстың ауа райы қолайсыз күндері нан әкелінбей қалатын күндер жиі болады. Сондықтан ауылда осы наубайшылық кәсіп ашсам деп ойладым. Онымды отбасыма айтқанда, олар қуана қолдады. Сөйтіп «Бизнес-Бастау» арқылы оқып, грант алып, керекті құрал-жабдықтарға қол жеткіздім. Мұны отбасылық бизнес десем де болады. Үйде бөлке нан пісіруді анам, ағам, қарындасым, бәріміз бірге атқарамыз. Қазіргі қысқы мерзімде өнімді тек ауылдың ішінде өткіземіз. Ал жазғы уақыттарда Жансүгіров, Қарашілік сияқты жақын маңдағы ауылдарға да жеткіземіз, - дейді Айдос Жұманов.

Қазір шағын кәсіп иесі күніне орта есеппен 150 бөлке нан пісіріп сатса, жазғы уақытта тапсырыс көлемі ұлғая түседі екен. Қаражат айналымын арттырғаннан кейін Айдостың нан өнімі түрлерін көбейтпек ойы бар.

Осындай мысалдар Жетісу облысында көптеп табылады. Мәселен, Ескелді ауданының 26 жасар тұрғыны Кәусар Нұрданғазы да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, омарта шаруашылығымен айналысып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын істі алғаш 10 ұямен бастаған К.Нұрданғазы өткен жылы 1 225 мың теңгенің грантына тағы 21 ара ұясын сатып алған. Аз уақыттың ішінде ара ұясының санын 80-ге жеткізген. Грантқа ие болғаннан кейін кәсібіне деген сенімі еселеніп, өнімдерін «Жамбо» брендімен шығара бастапты. Бүгінде бал өнімдерін отбасына ғана емес, өзі тұратын Жетісу ауылының тұрғындарына да ұсынып отыр.

Жалпы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, 2022 жылы мемлекеттік грант үшін 840,9 млн теңге бөлінген. Соның нәтижесінде бір жылда 617 адам бизнес жобасын қорғап, грантқа ие болды, яғни бұл – жоспардың 90,%. Мемлекеттің осындай көмегімен шағын кәсібін бастағандардың 212-сі – жастар.