Бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық маңызды жобалар бойынша жұмыстар жоспарлануда. Атап айтқанда, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салуды жалғастыру, Семей қаласындағы автогуж көпірін реконструкциялау, радиалды жолдарды тесуді аяқтау. Сондай-ақ, Батыс өңірі бойынша жобаларда туындап жатқан түйткілдерді шешу.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында күрделі және орташа жөндеуді қаржыландыруға арналған барлық ағымдағы шығыстар 2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансферттер ретінде жергілікті бюджет шығыстарының базасына аударылатын болады. Онда 444 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделеді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылмақ. 

Қаржыландырудың бұл тетігі жергілікті атқарушы органдарды жоспарлауды оңтайландыруға, бюджетаралық қатынастардың қысқаруын қамтамасыз етуге және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, жөнделетін жолдардың тізбесін жергілікті атқарушы орган айқындайтын болады.

Жол желісінің тозуын қалпына келтіру басымдыққа ие болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, елді мекендер арасындағы байланысты жақсарту үшін жергілікті желінің автомобиль жолдарын қатты жабынға ауыстыруға да ерекше назар аударылатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің алдымызда негізгі стратегиялық міндет тұр – ол 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 95% -ға жеткізу.

Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында 2025 жылға қарай кемінде 27 мың шақырым жергілікті жолдар бойынша құрылыс пен реконструкциялауды қамтамасыз ету қажет.